Ауқымды өзгерістердің негізгі арқауы

6

0

Әлемнің қай мемлекетінде де Конституция саяси мәні зор тарихи құжат ретінде бағаланады. Сондықтан қазір елдің талқылауына ұсынылған Конституция жобасын қоғамның сұранысына сай түбегейлі қайта жаңғыртуға бағытталған нақты іс деп айта аламыз.

Еліміздің өркендеуіне жол ашатын маңызды құжатта алдымен адамға басымдық беріледі. Сондай-ақ онда мемлекеттің басты байлығы – білімді жастар екені айқын көрсетілген. Ол – Президент қолға алған ауқымды өзгерістердің негізгі арқауы. Ендігі кезекте бұл мәселелер ең жоғары конституциялық деңгейде бекітіліп жатқанын айта кеткеніміз жөн.

Мамандар Қазақстанның жаңа Конституциясы осындай маңызды рефор­малардың жалғасы екенін атап өтті. Бұл құжатта халықтың ұзақ жылдар бойы айтылып келе жат­қан талап-тілегі, үміт-сенімі, мұң-мұқтажы ескерілген. Бастысы, оны елмен бірге жазылған Халықтық Конституция деп айта аламыз.

Жалпы, тәуелсіз еліміз келешекте азаматтары білімді, ғылымды мең­гер­ген, инновацияға арқа сүйеген, тех­но­логиясы дамыған елдердің қата­рында болуды алдына мақсат етіп отыр. Сондықтан қазір елдің тара­зы­сына тартылған маңызды құжат мем­ле­кет­тің өркендеуіне жаңа серпін береді.

Алдағы уақытта жаңа Конституция қоғамдағы терең өзгерістер мен дүниетанымы жаңарған, мемлекетке жоғары талап қоятын жаңа буынның қалыптасуына жауап беретіні айқын. Осы үміттердің өзегінде адалдыққа, заң үстемдігіне, адамның қадір-қасиетіне деген құрметке және адам құқығына кепілдік беруге деген сұраныс жатыр.

Есенжол НАЗАРОВ,

техника ғылымдарының кандидаты,

Қорқыт ата университетінің

аға оқытушысы