Ауру асқынбасын десек…

38

0

Жаз – жедел ішек ауруы өршитін мезгіл. Ал күннің қатты ысуы көптеген ауру қоздырғышының көбеюіне әкеп соғатыны сөзсіз. Қызылорда қаласындағы №3 емхананың дәрігері, балалар инфекционисі Гүлнар Кәрімова аурудан сақтанудың жолдарын, ал оған шалдыққан жағдайда қалай емделуге болатынын айтып берді.

Оның сөзіне сүйенсек, жедел ішек инфекциялары – асқазан-ішек жолының басым зақымдануы салдарынан түрлі микроорганизмдер тудыратын аурулар. Олардың құрылымы әртүрлі: дизентерия, шигеллез, сальмонеллез, тифо-паратифозды, эшерихиоз, иерсинеоз, оппортунистік микроорганизмдердің көптеген топтарынан туындайды.

– Жіті ішек инфекциялары жеке және қоғамдық гигиена, тез бұзылатын өнімдерді сақтау ережелері мен пайдалану мерзімін сақтамағаннан пайда болады. Негізгі белгілері – құсу (тәулігіне 3 ретке дейін және одан көп), диарея (кейде күніне 10-15 ретке дейін, көбінесе шырыштың бөлінуімен), дене қызуының 37-38 градусқа дейін көтерілуі, жүректің айнуы, әлсіздік, іштің, төс астының, кіндік аймағының қысылып, қатты ауыруы. Қалтырау, тахикардия пайда болады, артериялық қысым төмендейді. Әлсіздік және бұлшықет спазмы байқалады. Ауыр жағдайларда айқын интоксикация және сусызданумен ерекшеленеді, – дейді Гүлнар Кәрімова.

Дәрігер жұқпалы жедел ішек аурулары балалар арасында жиі тіркелетінін атап өтті. Мұндай кезде ата-аналарға үй жағдайында өз бетінше емдеумен уақыт өткізбей, дереу маман көмегіне жүгінуге кеңес берді.

– Екі жасқа толмаған бала әлсіз болады. Сондықтан баласы бар кез келген үйде «Регидрон» ерітіндісі дайын тұруы қажет. Оны дене қызуы көтерілгенде, іш өткенде, құсқанда қолданады. «Регидрон» денеден шыққан сұйықтықтың орнын толтыруға көмектеседі, – дейді дәрігер.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<