Ветеринария саласының негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу. Оны диагностикалау, мал өнімдері мен шикізаттың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл ретте облыстық ветеринария басқармасы белгіленген заң аясында тиісті жұмыстар атқаруда.
– Облыс көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурудың алдын алу үшін республикалық бюджеттен қаржы қаралып отыр. Сапалы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы Қызылорда облысына аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесін берді. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Облыста төрт түліктен тарайтын аурулардың алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп тұрады. Соның ішінде, бруцеллезге қарсы ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Ірі қара және уақ малға екпе жұмыстары жүргізілді. Олардың зертханалық талдау қорытындысы теріс нәтиже көрсетті.
– Бірдейлендіру жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді. Алты айдың қорытындысымен барлығы 342 мың бас мал бірдейлендіріліп, ақпараттық жүйеге енгізілді. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шығуына байланысты қаңғыбас ит-мысықты аулау қызметі тоқтатылды. Дегенмен тұрғындар тарапынан арыз-шағым түссе, жергілікті атқарушы орган тиісті шара қабылдайды, – деді басқарма басшысы.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қарсы бірқатар іс-шара атқарылуда. Көктемгі залалсыздандыру кезінде ветеринария мамандары түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізеді. Облыс бойынша эпизоотиялық және энзоотиялық ахуал тұрақты.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<