Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы талқыланған мәжіліс өтті. Басқосуға басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.
Аймақ басшысы жоба шеңберінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, сала жетекшілеріне тапсырма жүктеді.
– «Ауыл аманаты» жобасы ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несие азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік ұсынды. Бағдарламаның оң нәтижесі көз алдымызда. Өткен жылы республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қаралып, 406 жоба несиелендірілді, 713 жұмыс орны ашылды. Биыл 4 млрд 600 млн теңге қаржы бөлінуде.
Қала және аудан әкімдері бағдарламаның артықшылықтарын тиімді пайдаланып, ауыл халқының табысын өсіруге ұмтылуы тиіс. Бұл ретте ауыл әкімдеріне зор жауапкершілік жүктеледі.
«Ауыл аманаты» жобасының Сырдария ауданына қарасты «Бесарық» ауылында сәтті жүзеге асырылғанын көрдіңіздер. Осындай нәтижелі жұмыстар әр ауданда барынша сапалы және толыққанды атқарылуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Аталған бағдарлама өнім өндірумен қатар, оны өткізу мәселесін шешеді. Басымдық өңірдің ерекшелігіне қарай өндірістік жобаларға беріледі. Ал мал шаруашылығына қатысты жобаларға асылтұқымды мал сатып алу талабы қойылады. Бұл төрт түліктің тұқымын түрлендіруге жол ашады, сондай-ақ жақындарының малын тіркеп қоюшыларға кедергі болмақ. Осылайша қаржы нақты мақсатына жұмсалады.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1 томат пастасы цехы, 34 жылыжай ашылып, 671 асылтұқымды төрт түлік алынды. Сонымен бірге, 21 сүт және ет өнімдері өндірісі іске қосылып, 66 ауыл шаруашылығы техникасы әкелінді. Оған қоса 14 балық, 18 құс шаруашылығы өркен жайды. Жоба қатысушыларының арасынан 38 адам кондитер және нан өнімдерін пісірумен айналысады, 3 гидропоника, 7 жиhаз, 34 пластикалық өнімдер мен құрылыс материалдары өндірісі, 98 қызмет көрсету орны ашылды.
Қалған жобалар бойынша мониторинг жалғасуда. «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көрген 106 елді мекенде 51 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оның 33-і 716 млн теңгеге қаржыландырылды.
Биыл 575 жобаны іске асыру, 610 жұмыс орнын ашу көзделуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<