«AMANAT» партиясының облыстық филиалында партияның «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру жолдары талқыланды.
Оған партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және пилоттық ауылдық округтер әкімдері мен тиісті сала басшылары қатысты.
«Ауыл аманаты» жобасы негізінен халықтың табысын арттыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуге бағытталған.
«Ауыл аманаты» жобасы қатысушыларға 2,5%-дық шағын несие беруді көздейді. Жоба аясында 2023 жылға Қызылорда облысына 3 млрд теңге қаржы бөлініп отыр.
Барлық ауылдық округтер бойынша скрининг жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде қазіргі таңда жобаға қатысатын 25 пилоттық ауылдық округ айқындалған. Олардағы халық саны 47 676 адам, оның ішінде жұмыссыздар саны – 872.
Бүгінгі күнге өңірде 5 бағыт бойынша 600 жоба пулы қалыптастырылған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 653,8 млн теңге, (28 жоба), ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру, өңдеу және қайта өңдеуге 655,5 млн теңге (18 жоба), өсімдік шаруашылығын дамытуға 308,0 млн теңге (55 жоба), мал шаруашылығын дамытуға 1227,9 млн теңге (360 жоба) және өзге де бағыттағы 139 бизнесжобаға 154,8 млн теңге қаралып отыр.
Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде, аталған ауылдық округтер бойынша 636 жаңа жұмыс орны ашылады. 3580 бас мал сатып алынып, сүт және ет өндірісін 3 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жұмыссыздар санын 35 пайызға дейін азайту және ауыл халқының орташа табысын 15-20 пайызға арттыру көзделуде.
Кездесу барысында партия хатшысы өзекті бизнес-жобалардың тізбесін және жеңілдікті кредиттер алу тетіктерін пысықтауды, сондай-ақ жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ өңірдегі сапары барысында Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылдық округінде болып, жергілікті тұрғындарға жобаның маңыздылығын түсіндіріп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«СБ» ақпарат





