«Ауыл аманаты»: шағын несие шарттары қандай?

7652

0

Өңірде «Ауыл аманаты» жобасына биыл 3 млрд теңге қаржы қаралған. Жоба халықтың табысын арттыру, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Былтыр Жамбыл облысында басталған пилоттық жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Соған орай, ауыл халқының табысын арттыру мақсатында қазақстандықтарға микрокредит беріледі.

Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін. Ал ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК немесе 8,6 млн теңге. Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК немесе 27,6 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды.

Айта кетсек, бағдарлама әкімшісі – облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.

Шағын несиені кімдер ала алады?

Микрокредиттер ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жүзеге асырылатын жобаларға беріледі, яғни, облыс бойынша Қызылорда қаласынан басқа елді мекендердің барлығынан азаматтар өтінім бере алады.

Бұл ретте өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделіп отыр.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ, кепілмен қамтамасыз етудің, салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Бұдан бөлек, несие алушы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы, ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.

Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Микрокредит қай мекеме арқылы беріледі?

Микрокредиттер сенім білдірілген өкіл арқылы халыққа беріледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, сенім білдірген өкіл ретінде «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ белгіленген. Микрокредиттер әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның бөлімшесі «Өңірлік инвестиция орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы беріледі. Мекеме құжаттар, өтінім қабылдау тәртібін анықтап, микрокредит алатын үміткерлерді іріктейді.

Бағдарлама аясында несие алу үшін үміткер «Өңірлік инвестиция орталығына» өтініш, жеке басты куәландыратын құжат, несие тарихы мен есеп туралы ақпаратты беруге келісімі, мемлекеттік және мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалу-орындалмауы туралы барлық мәліметтерді беруге және алуға келісімі, бизнес-жоспар,  қарыз алушының уәкілетті органының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі, мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі, қызмет көрсететін банктен шоттың бар екені туралы анықтама, несиелік берешектің болуы туралы анықтама, қарыз алушының жалақысын, өзге де кірістерін растайтын құжат, бағалау туралы есеп, кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттарды өткізуі керек.

Айта кетерлігі, сенім білдірілген өкіл үміткер ұсынған құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қарайды. Құжаттар мен олардағы мәліметтер талапқа сай болмаған жағдайда, себебін көрсете отырып кері қайтарады. Ал несие талаптарына сәйкес құжаттар 15 жұмыс күні ішінде қаралып, микрокредитті мақұлдау не беруден бас тарту туралы шешім қабылданады. Мақұлданған жағдайда үміткермен шартқа қол қойылып, содан кейін микрокредитті оның ағымдағы шотына 3 жұмыс күні ішінде аударады.

Қаржының мақсатты жұмсалуы қадағаланады

Осылайша «Ауыл аманаты» ауыл халқына жеке кәсіп ашуға немесе бұрыннан бар кәсіпті дамытуға мүмкіндік береді. Бұл үшін жеңілдетілген несие мөлшерлемесі енгізіліп, бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде.

Атап айтсақ, республикалық бюджеттен бағдарламаға биыл бөлінген қаржы 52,4 млрд теңге. Оған ел бойынша 11 мың микрокредит беру көзделіп отыр. Соның ішінде өңірге 3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бағдарлама облыс орталығынан басқа елді мекендердің барлығын қамтитынын ескерсек, бұл аса қомақты қаржы емес. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаржыландыру көлемін ұлғайтуға өтінім берілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Талғат Дүйсебаев айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, микрокредит қаржысының мақсатты жұмсалуы да қадағаланады. Сенім білдірілген өкіл ай сайын ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуы туралы есеп береді.

– Микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуына үнемі мониторинг жасалады. Қарыз қаражаты мақсатты жұмсалмаған жағдайда айыппұлдар, қаржыны мерзімінен бұрын қайтару секілді шаралар қарастырылған, – деді Талғат Дүйсебаев.

Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» жобасы бойынша дайындық жұмыстары жүруде. Ал құжат қабылдау алдағы мамыр айында басталады.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<