Ауыл балаларына азамат тартуы

268

0

Күні кеше Жалағаш ауданына қарасты Қаракеткен ауылдық округінде балаларға арналған жаздық ойын алаңы ашылды.

«Бар жақсылық – балаларға» ұранын ұстаным еткен еңбек ардагері Қуандық Меңбаев өз қаражаты есебінен ауыл балаларына осындай жаңа ойын алаңын тарту етіп отыр.  Айта кету керек, Қуандық Мәлікұлы еркін және грек-рим күресінен КССРО спорт шеберлігіне үміткер. Облыстық, республикалық және бүкілодақтық жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Ауыл балалары да өзі секілді спортқа жақын болып өссін деген ниеттен туған қолдау екенін айтады.

Заманауи үлгіде сапалы материалдардан жасалған әткеншек, айналмақ, сырғанақ балалардың қуанышын арттыруда.

Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден, олардың шаттанған әрбір сәтіне куә болудан асқан қандай бақыт бар?!

Қуандық Мәлікұлына ата-аналардың алғысы шексіз.

– Балалар ойын алаңының ашылуы – ауылымыз үшін айтулы оқиға. Бүлдіршіндер бос уақытын спортпен шұғылдануға арнап, физикалық қабілеттерін дамытады. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан оларды көзден таса қылмай, үнемі қамқорлық жасап, дені сау, сергек болып жүрулеріне жағдай жасалғанына қуаныштымыз, – дейді ауыл тұрғыны Қамбар Ақмырзаев.

Ауыл орталығындағы ойын алаңының ашылу салтанатына ауылдық округ әкімі Әділ Тоқтаров, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Серікбай Өмірзақов қатысып, тұрғындарды құттықтады.

Біз көп жағдайда балалардың сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз. Балалар ойнайтын, тіпті ересек адамдардың өзі демалатын алаңдарды көптеп салуымыз керек. Ойын алаңына орналастырылған жаңа жабдықтардың барлығы сапалы. Тұрғындар атынан ризашылық білдіремін, – деді ауыл әкімі.

Ойын алаңының лентасын Райкүл Байназарова, ауыл тұрғыны Қартбай Ахметжанов, еңбек ардагері Қуандық Меңбаев қиды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<