Ауыл балаларының асуы

811

0

Сенбі күні «IQanat» олимпиадасының финалына қатысу үшін облыстан 40 дарынды оқушы Астана қаласына жолға шықты

Ел бойынша 166 ауданнан 37 мың оқушы қатысқан «IQanat»-2023» республикалық олимпиадасынан топ жарған балалар елордаға бармақ. Жалпы бұл сынақтан 824 бала сүрінбей өтті. Жоғарыда айтқандай, біздің аймақтан 40 үміткеріміз бар.

Бұл байқаудың ерекшелігі – ауыл мен кент орталығындағы мектепте оқитын оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Ең ауқымды офлайн олимпиаданы «IQanat» қоғамдық қоры қаржыландырып отыр.

– Мен «IQanat» жобасына өз қабілетімді сынап, білімімді жетілдіру үшін қатысудамын. Қазір бір жыл болды, өте жақсы дайындықтамын, осы олимпиада арқылы математика пәнінен білімімді тереңдеттім. Егер бұл додада барлық сынақтан өтіп, осы кезге дейінгі білімді дәлелдесем, ең жоғары технологиямен қамтамасыз етілген мектептердің бірі «High School of  Burabay» мектебіне түсуге жол ашылады. Ал әрі қарай сондағы мықты мұғалімдерден дәріс алып, өзім қалаған үздік университет қабырғасында оқимын деген арманыма жетемін. Бұл олимпиаданың негізгі мақсаты да сол, ауыл балаларының арманына көмектеседі, – дейді Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы, финалист Жансая Амантай.

Жоба басталғалы кейінгі 5 жылда 160 мыңнан астам оқушы мүмкіндік алды. Биыл да республикалық слёт аясында соңғы іріктеу кезеңінде 120 жеңімпаз «IQanat» мектебіне тегін оқуға түсіп, ал қалған қатысушылар олимпиададан кейінгі білім беру бағдарламаларымен қамтылады. Ал бұған дейін мектеп бітірген түлектер Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago және т.б. университеттерге түсуде.

– Бірінші кезеңге біздің облыстан 3 мыңға жуық бала қатысты. Бұл тек 8-сынып оқушылары арасында жылда күзгі каникул кезінде болады. Ал екінші кезең бойынша 700 оқушы сынақ тапсырды. Міне, осыдан іріктелген ең үздік 40 шәкіртті Астанада өтетін республикалық додаға қатыстырмақпыз. Балалардың барып-келуі, орналасуы, тамақтануы «IQanat» қорының есебінен. Бір айта кететін жайт, біздің жеңімпаздар арасында шалғай ауылдан қатысып, үздік атанғандар бар. Мысалы, Аралдың Ақбасты, Сазды сияқты елді мекендерінде оқитын балалар өз білімдерін дәлелдеп, бәсекенің келесі деңгейіне үлкен қуанышпен, үмітпен бара жатыр. Бұл – қазақстандық белгілі кәсіпкерлердің біріккен жобасы. Мақсаты – ауылда өскен балалардың үмітіне дем беріп, ең үздік жоғары оқу орындарының грантына қол жеткізу, – дейді «IQanat» қорының облыс бойынша үйлестірушісі Райкүл Байназарова.

Айта кетейік, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдеріне қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуден шет қалмауға жасаған үндеуінен туындаған. Ал ауыл оқушыларының білім деңгейі біздің елімізде ең маңызды мәселелердің бірі екені анық.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»