«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бөлінген қаржыны игеру бойынша Қызылорда облысы үздік өңірлер қатарында. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов осы жобаға қатысты мәселелер қаралған Үкімет отырысында хабарлады.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жобаны жүзеге асыру барысын, сондай-ақ, бірқатар өңір әкімдері атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Үкімет басшысы 2019-2022 жылдары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша мыңнан астам ауылда 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылғанын, сондай-ақ 33 мың жұмыс орны құрылғанын атап өтті.
«Биыл 800 елді мекенде шамамен 2 мың жоба жүзеге асырылатын болады. Бөлінген қаржыны игеру серпіні Павлодар, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында жақсы», – деді Премьер-министр.
Мұнан бөлек, жиында ауылдық елді мекендерді дамытуға жеке кәсіпкерлерді тарту мысалы ретінде Жаңақорған және Сырдария аудандарында саябақ салуға қаражат бөлген «Азимут» ЖШС мен «Абзал и К» ӨК үлесі айтылды.
Қорытындылай келе, Үкімет басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобасын сапалы және уақытында іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды барынша қаржыландыру мәселесін пысықтау қажеттігін атап өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<