Ауыл халқының ынтасы зор

1292

0

Сырдағы жұрттың диқандыққа бір табан жақын екені белгілі. Дегенмен кейінгі жылдарда бұл кәсіптің ізіне түскендер азайды. Бұрынғы кетпен шауып, қарық соғатын қарулы ақсақалдардың бірі жоқ бүгінде. Расы сол, біздің жұрттың бақша өсіруге келгенде кежегесі кері тартып жүрді. Бірақ…

Айтатынымыз сол, тағы да су мәселесі. Оның үстіне бұрынғы канал мен арық жүйелерін құм басып, көп ауылға барар судың сағасынан лықсып кейін қайтуы көп. Дариядағы судың аз екенін тағы ескермеске болмайды. Осындай кедергілер бақша салуға ынталы ағайынның діңкесін құртпай қайтеді?!

Ауыл халқының ынтасы зор

Үш ай бойы су жататын күріштің қадірі жоқ дей алмаймыз. Дегенмен осындай тапшылықта суды аз қажет ететін бақша дақылдарын егу артық етпейді. Бұл – бір жағынан, облыстағы азық-түлік қорына көп көмек. Екіншіден, көрші Түркістан немесе сонау өзбек ағайыннан қомақты қаржыға мұндай өнімді артпас едік-ау. Айтар ойымыз түсінікті болып келе жатқан сияқты. Биыл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен әр ауыл маңынан жер дайындалып, ең қажетті деген дақылдар егу жұмысы жергілікті басшыларға жүктелді. Әртараптандыру ісі алға басары анық. Ақылға салып іс қылсақ егер. Осылайша аймақта 1500 гектарға жуық жер бақша дақылдарын егуге бөлініпті.

Бұл жұмыстың қарқыны әзірге жаман емес. Бір ғана Сырдария ауданында 200 гектар жер дайындалды. Оның 132 гектары 687 отбасыға бөлініпті. Қазір 67 гектар картоп, 15 гектар көкөніс, 50 гектар бақша егілген.

30 жылдан соң…

Жетікөл – қалаға жақын ауыл. Сырдария ауданына қарасты елді мекен тұрғындары биыл бақша егуге белсене кіріскен. Осындағы  «Алиакбар ата-Агро» шаруа қожалығы 22 гектар жүгері, 23 гектар бақша дақылдарын егіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылық төрағасы Мұхтар Көзейбаевтың айтуынша, 30 жылдан бері егін даласына дән түспей аяқ су тапшылығы болып, халық егіншіліктен қол үзіп қалған.

Әр жақсы істің бастауында бір себеп болатыны анық қой. Биыл ауылдағы «Жетікөлжарма» арнасынан су алатын «Военторг» каналы тазартылды. Каналға 90-жылдардан бері су жіберілмеген. Құмға көміліп, аяқсудың келуіне мүмкіндік жасалмаған. Қазір оның 4,9 шақырымы толығымен тазартылып, ауылдағы аяқсу мәселесі шешімін тапты. Жетікөлдіктер бау-бақша егуге кірісті.

Тағы бір қуаныш, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы берілген «СНП-500/10» су айдау насосы қажетке әбден жарап тұр.

Кірпіштен – егінге

Кей-кейде ауыл аралап жүріп көретініміз, әр елді мекеннің икемделген өз тіршілігі бар. Мысалы, Аманкелді ауылдық округінің тұрғындары. Көпшілігі кірпіш басып, оны сатумен нәпақа айырып келеді.

Жөні бөлек бір жаңалық бар. Аудан басшысының тапсырмасымен ауыл әкімі Мейрамбек Нұрғалиев халқын жинап, егін егуге кірісті. Расы керек, он жылдан бері түрен түспеген жерді аударып, бақша салу кім-кімге де оңай емес. Тәуекелге бел буғандар болар іске белсене кіріскен.

Шағын ауылда «Қайырсуат» шаруа қожалығының қолдауымен 30 отбасы 15 гектар жерге егін егуді бастап кетті. Әдеттегідей картоп, көкөніс және бақша дақылдары бар. Мұнан бөлек, ауылдағы 31 отбасы бірігіп, «Желқазған» учаскесіндегі 8,1 гектар жерге картоп, көкөніс, қауын-қарбыз, асқабақ сияқты өнім түрлерін егуде.

Айтпақшы, облыстық бюджеттен бұл ауылға екі су айдайтын жаңа мотор алынған. Бұған облыстық мәслихат депутаты Жанарбек Нұрымбетов 1 тонна дизель отынын (солярка) беріп, демеушілік көрсетіпті. Осылайша ауыл халқының ауызбіршілікпен еңбекке ұмтылуы сырт көзді қуантып тұр.

Жақында ғана осы ауылға барған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындардың еңбегін өз көзімен көрген болатын. Елдегі ағайынның тыныс-тіршілігімен танысқан ол ауыл халқының ынтымақпен кіріскен еңбегіне тілектестігін білдірді.

– Жерімізді ел байлығына айналдыруымыз керек, ол үшін қоғамның негізгі күші жастар қалаға кетпей, ауылды дамытуға жұмыс істеуі қажет,  – деген еді аудан әкімі.

Ал ауыл тұрғындарының ендігі кезектегі мақсаты – осы игерілген жерлерді жылда тыңайтып, егін көлемін ұлғайту болып отыр.

Жастар бригадасы жарап тұр

Қалаға жақын Айдарлы ауылы бұрыннан ұйымшыл. Үлкені де, кішісі де еңбекке жақын. Содан болар, төрт түлігін түгелдеп қойып, қалған уақытын жерге арнайды. Бақша егеді, суарады, қориды. Күзде өнімін алып, артығын сатып, нәпақасын айырады.

Бұл ауылдың жастары ұйымшыл. Іссапарға барғанда көргеніміз, елдегі қайбір шара болсын осылардың жүгіріп жүргені. Енді міне, қараңыз, ауыл әкімі 10 гектар жер дайындап берген. Ал жастар алақанына түкіріп, дайын жерге бақша егуге кірісті.

Айтпақшы, үш жыл бұрын қолға кетпен ұстап, ел іргесіндегі жердің игілігін көреміз деген ниетпен ауылда «Жастар бригадасы» құрылған еді. Иә, бірігіп іс қылған 10 жігіттің тірлігі бұл. Бұл – 10 жастың артында 10 отбасы бар деген сөз.

Солай. Жігіттер қарап жатпай, қарманып жүр. Маңдайынан сүмектеп аққан терді сүртіп, тырбаңдай еңбек қылады. Облыстық бюджет арқылы жаңадан алынған су айдайтын насосты пайдалана отырып, 5 гектар картоп, 5 гектар қауын-қарбыз, асқабақ, т.б. тұқымын тастаған. Ал ауылдың өзі 83 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша өнімдерін еккен.

– Жергілікті өнімге сұраныс жоғары, жылда жәрмеңкеде ешқандай химиялық қоспасыз таза өнімдерді жеткізіп береміз. Қызылорда өңірі бойынша «Айдарлының қауыны» деген кіші брендіміз бар, – дейді Айдарлы жастар бригадасының бригадирі Зейнолла Жүсіпов.

Дала жұмыстары қызған шақта маңдайын күнге қақтап, еңбек көрігін қыздырып жүрген диқан қауымның жай-күйін сұрау мақсатында аудан әкімі Айдарлы ауылында да болған еді. Жастардың ұмтылысы мен ауызбірлігіне риза болған Мұрат Ергешбаев өзге де ауылдағы жігіттерді топтастыру қажеттігін айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

– Облыс әкімі азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін әр аудан мен қалаға қарасты ауылдарда арнайы жер дайындауды және бақша дақылдарын егуді тапсырған еді. Бұл жұмыстар аудан бойынша жүргізілуде. Байқасақ, бізде картопқа сұраныс өте жоғары. Облыс тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру үшін осы өнімнің жүздеген, мыңдаған тоннасы керек. Ал ол жергілікті жерден болса, жаппай сұранысқа және баға тұрақтылығына да оң әсерін тигізеді. Мысалы, былтыр сырдариялық картоппен аудан тұрғындары 100, қала тұрғындарынан ішінара 70 процент қамтылыпты. Ендігі кезекте қала тұрғындарын толықтай 100 процент өніммен қамтуға жұмыс істеу керек, – деді аудан басшысы.

Айта кетейік, айдарлылық жастар аудан әкіміне өтінішін жеткізді. Олардың сұрауы – насосқа дейінгі келетін су деңгейін түсірмеу. Бұл бойынша Мұрат Нәлхожаұлы «Ақтам» каналының облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 3,7 шақырымы тазаланғанын, қалған 3,7 шақырым каналдың құжаттарын реттеп, тазалауға тағы да ұсыныс беруді ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл әкімдігіне тапсырды. Қосымша шаруалар еңбегінің еш кетпеуін, суды жеткізудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеді.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<