Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясына арналған іс-шара өтті. Оған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше мән берген болатын. Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деді.
Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акция басталғанын хабарлады. Акцияға министрдің өзі де үн қосып, Абай Құнанбайұлының ауылы «Қарауылға», Қаныш Сәтбаевтың ауылы «Баянауылға» және өз туған ауылына әлем, қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, танымдық-ағартушылық әдебиеттерді тарту еткен.
Министр бұл бастама шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды көздейтінін айта келе, акцияға атсалысуға өзге де мекемелер мен ұйымдар, жанашыр азаматтарды шақырды.
Осындай кітаптардың алғашқы легі өңірімізге де келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың атынан Арал, Қазалы, Сырдария және Шиелі аудандарының кітапханаларына кітаптар тарту етілді.
Іс-шарада сөз сөйлеген басқарма басшысы Мира Қазбекова кітаптар Арал ауданының «Құланды» елді мекеніне, Шиелі ауданының «Сұлутөбе» ауылына, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылына және Қазалы аудандық орталық кітапханасына тарту етілетінін, мұндай шаралар жалғасатынын айтты.
Сондай-ақ кітапхананың тұрақты оқырманы Абайбек Жүнісов сөз сөйлеп, игі шараның мән-маңызына тоқталды.
– Америка Құрама Штаттарында болғанымда, осындай кітап акцияларының маңыздылығы өте жоғары екенін аңғардым. Оларда «Көше кітапханасы» деген жоба бар. Әр көшеге арнайы жәшік жасап қойған. Әркім өзі оқыған кітабын басқалар да оқысын деп сол кітапханаға қойып кетеді. Жәшіктен өзі оқымаған кітап көрсе, алып оқып, қайтып әкеліп қояды. Бұл кітапты жас ұрпаққа, жалпы халыққа оқытудың мәдениеті деп айтсақ болады. Жалпы шетелдерде осындай әлеуметтік жобалар жолға қойылған. Қолға алынып жатқан бүгінгідей акция болашақта бізде де сондай шараларға жол ашады деп ойлаймын, – деді А.Жүнісов.
Биболат Сәтжан,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<