Ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай өсім бар

4419

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзінің Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет.

Бұл – стратегиялық міндет» деген еді. Ел Президентінің бұл сөзі арқылы біз ауыл шаруашылығының мемлекет үшін қаншалықты маңыздылығын білдіріп, жұртшылықтың назарын осы салаға аударуды тапсырды. Осыған орай Қызылорда облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің журналисі Жәния Төребекова облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевпен аталған салаға қатысты сүбелі сұхбат жүргізді.

– Талғат Тұрсынұлы, біздің өңір ауыл шаруашылығы саласына өте ыңғайлы аймақтардың бірі. Сондай-ақ, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетіліп жатқанын білеміз. Тиісінше, осы салада дамытуды қажет ететін басты бағыттардың бірі – егін шаруашылығы. Жалпы бүгінгі таңда аймақтағы егін шаруашылығының хал-ахуалы қалай?

– Өздеріңіз білесіздер, кейінгі жылдары климаттың өзгеруіне байланысты әлемде су тапшылығы орын алуда. Десе де біз суды тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді азайтпай, жоспарлы жұмыс істеудеміз. Мәселен, биыл облыста 190,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егудеміз. Оның ішінде 94,5 мың гектарға дәнді дақыл, 4,8 мың гектарға майлы дақыл ексек, 71,6 мың гектар жерге мал азықтық дақылдар, ал картоп, көкөнiс, бақша өнімдері 19,5 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, негізгі дақыл күріштің көлемін 81,2 мың гектарға орналастырылуда. Бұл көлем өткен жылмен салыстырғанда 7,8 мың гектарға аз. Айта кету керек, биыл аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Қысқартылған күріш егісінің орнына суды аз қажет ететін мал азықтық, майлы дақылдар мен картоп, көкөніс дақылдарының егіс көлемін ұлғайтып жатырмыз. Межелеген егіске қажетті тұқыммен, ауыл шаруашылығы техникаларымен және арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда барлығы 47,6 мың гектарға дақылдар орналастырылды. Одан бөлек, күріш егу және оны суға бастыру жұмыстары толық аяқталды.

– Облыстағы мал шаруашылығы бойынша не айтасыз? Өткен жылмен салыстырғанда қандай өзгеріс бар?

– Жыл сайын асыл тұқымды мал сатып алуға және оны асылдандыруға, сондай-ақ, ет-сүт өнімдеріне мемлекет тарапынан 4-5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Осының нәтижесінде аймақта әр жыл сайын төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты түрде ұлғайып келеді. Облыс бойынша бүгінгі күнге 418,2 мың бас мүйізді ірі қара, 807,7 мың бас қой мен ешкі, 251,7 мың бас жылқы, 63,8 мың бас түйе және 125,7 мың бас құс тіркелген. Ал, өткен жылмен салыстырсақ, мүйізді ірі қара 108,9 пайызға, қой мен ешкі 104,8 пайызға, жылқы 100,6 пайызға түйе 105,1 пайызға, құс 106,0 пайызға артып отыр. Есепті кезеңде 12,9 мың тонна ет, 25,7 мың тонна сүт және 1,9 млн дана жұмыртқа өндірілді. Бұл бойынша да өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар.

– Сыр өңірінің өніміне сұраныс жоғары екенін жақсы білеміз. Ал, эспорттық әлеуеті қандай деңгейде?

– Өңірде егіншіліктің негізгі бағыты күріш шаруашылығы екенін білесіздер. Сәйкесінше, негізгі экспортқа бағытталатын өнім күріш болып табылады. Бұл ең алдымен облыстың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне байланысты. Жалпы, жыл сайын өңірде 400 мың тонна шамасында күріш өнімі өндіріліп, орташа есеппен 180 мың тоннадан астам ақ күріш өңделеді. Бұл көрсеткішпен өз өндірісімізде өндірілген күрішпен республиканы толықтай қамтамасыз ете аламыз. Сонымен қатар, жиналған күріштің артық мөлшері өзге елдерге экспортталып келеді. Біз эскпорттық әлеуетіміздің арттыру және өткізу нарықтарын кеңейту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда облыстан 9,3 млн долларды құрайтын 15,4 мың тонна күріш, балық, қамыс, күріш қалдығы секілді ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 14 мемлекетіне экспортталуда. Өңірде жыл сайын 30-дан аса кәсіпорын күріш өнімін экспортқа шығарып жатыр. Мәселен, есепті кезеңде 14 217,5 тонна күріш өнімі Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде. Бұдан бөлек, облыстан Ресей, Литва, Китай, Дания, Нидерланды, Чехия, Германия мемлекеттеріне 604,7 тонна балық, Германия, Дания, Польша және Нидерланды мемлекеттеріне 532,8 тонна қамыс және Ресейге 60 тонна күріш қалдығы экспортталды. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

– Былтыр өңірде агроөнеркәсіп саласында 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылыған еді. Ал, биыл қандай мақсаттағы қанша жоба жүзеге асырылмақ?

– Аграрлық саланың дамуына заманауи жабдықпен қамтамасыз етілген инвестициялық жобалар оң әсерін тигізіп, жаңа өндірістер пайда болып келеді. Нақтырақ айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен саласында 2024-2026 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы бойынша 30 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Өзіңіз айтып отырғандай, өткен жылы жалпы құны 7,3 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асырдық. Ал, биыл 13 жобаны бастауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда 2 жоба іске қосылып, 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде жеңілдетілген 2,5 пайызбен несиелендіру бойынша биылғы жылға жалпы ірі 5 жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 5,0 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл жобаның мақсаты – су үнемдеу технологияларын пайдалануды, тауарлы сүт фермаларын құруды және көкөніс сақтау қоймалары мен ет бағытындағы құс фабрикаларының құрылысын қаржыландыруға бағытталып отыр. Бүгінгі күні қаржыландыруға үміткер 6 жоба анықталды. Аталған бағдарлама бойынша сенім білдірген өкіл анықталып, шарт жасалды және комиссия құрамын, негізгі ережелерін бекіту жұмыстары жүргізілді.

– Талғат Тұрсынұлы, алтын уақытыңызды бөліп бізбен сұхбат құруға келіскеніңіз үшін алғыс айтамыз. Салада жағымды жаңалықтар мен оң өзгерістер көп болсын. Жұмыстарыңызға сәттілік!

Сұхбат құрған ЖӘНИЯ ТӨРЕБЕКОВА

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<