Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов кеше Қызылөзек, Талсуат, Ақжарма және Ақсуат ауылдық округтерде болды.
Қызылөзекке «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 173 млн 832 мың теңге бөлініп, 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу және 2 көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары өтуде.
Асылбек Өмірбекұлы кездесуде ауыл әкіміне мемлекет ұсынған бағдарламаларға көбірек қатысуды, елді мекеннің тыныс-тіршілігін әлі де ширатуды тапсырып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектерін тыңдады. Ауылдағы ағайын өзекті мәселелер шешімін тауып келе жатқанын айтып, қоғамдық көлік қатынасын реттеуді сұрады. Бұл талап қыркүйек айына дейін орындалатын болды.
Ал Талсуат ауылында жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа көшелердің түнгі жарық бағаналарын реттеу жұмыстары қарқын алған. Ауылдық округтегі 13 көшені электрмен жабдықтау үшін жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы қаржысы шешіліп отыр.
Сондай-ақ, «Қызылорда-Траст» және «Орда Автодор» ЖШС конкурс жеңімпазы деп танылып, ауылдағы 8 көшені асфальттау жұмыстары басталып кетті. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жыл басынан 13 тұрғын жылқы, қой, түйе шаруашылығы, жылыжай құрылысы, жүк тасымалдау жобасымен жалпы сомасы 77 млн 760 мың теңге несие алған.
Өткен жылы құрылысы басталған 150 орындық клуб ғимараты тамыз айында пайдалануға беріледі. Ауыл тұрғындары қала әкімімен кездесуде бірқатар бастамаларға ризашылығын білдірді және көкейде жүрген мәселелерін жеткізді. Шаһар басшысы ұсыныстарды шешу жолдарын қарастыруды тиісті сала басшыларына жүктеді.
Ақжармада көптен бері өзекті мәселенің бірі саналып келген дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды.
Округте бұқаралық спорт түрлері жақсы дамуда. Спорттық үйірмелерге 192 жасөспірім барады. «Талдыарал» футбол клубы облыстық «В» тобында ойын көрсетуде. Ақжармалық жасөспірімдер өнерде де озық шығып жүр. Мәдениет үйіндегі Гүлназ Рысбекова «Қазақстан дауысы» балалар мега жобасына 6000 қатысушы арасынан жолдама алған.
Ауылдың инфрақұрылымын жаңғыртуда екпін бар. Баймұрат батыр ауылындағы арықтарға науа салу, 3 көшеде орташа жол жөндеу, Талдыарал елді мекеніне футбол алаңын салу, газ жүргізу секілді жұмыстар атқарылады.
Мұнда өзектісі ұялы байланыстың, интернет жылдамдығының нашарлығы. Оған қатысты шұғыл шаралар қабылданып, жауапты мекемемен бірлесе жұмыс жасалады.
Ал Ақсуат ауылдық округінде 524 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, жаңа жұмыс орындары ашылған.
Мұнда көптен бері өзекті болып келген табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.
Ауылдық округ тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасына 127 жоба ұсынылған. Қазір мұнда 3 спорт ойын алаңы, көше тренажеры және мектептерде спорттық үйірмелер жұмыс жасайды. «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры ауыл орталығынан 239 млн теңгеге спорт кешенінің құрылысын жүргізіп, биыл пайдалануға бермек.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<