Ауылдан шықса айып па?

729

0

Іздеген затың көп жағдайда үлкен қала не аудан орталығынан табылады. Мысалы, ауылдағы ағайын үй көтеріп, баспана тұрғызса, құрылыс заттарын әкелу үшін қалаға қарманады. Арнайы көлік жалдап, үй соғатын ұстаңның жазып берген тізімі бойынша керектіңді артып кетесің. Солай ғой. Кейде осының бәрі ауыл ішінде өндірілсе деп арман қылатынымыз бар. Тым артық қиял болса да солай. Бірақ біртіндеп болса да «ол бола қоймас» деген ойдың көбесін сөгіп жүргендер бар. Біздің айтып отырғанымыз, әлгі «неге құрылыс заттарын ауыл ішінде шығармасқа?» деген дүние ғой.

Жарайды, ағаш пен темір өндірмесек те, кірпішін не шегесін шығарар шағын цех болса, жетіп жатыр емес пе?! Тіпті болмаса, есік-терезесін соғып, соны қиюластырар жігіттер жоқ емес бізде. Ондай шеберлер әр ауылдан да табылады.

Ауылдан шықса айып па?

Кейінгі жылдары құрылысы қарқын алған облыс орталығының ауқымы кеңейді. Жыл сайын көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілуде. Бұдан бөлек, қала маңынан жер алып, жеке баспана тұрғызған жұрттың да саны артқан. Қала аумағының еселеп ұлғайғанын бірден байқайсыз. Бір жақсысы, құрылысқа керекті кейбір затың өзімізден табылып тұр. Әсіресе, кірпіш пен темірбетонды құймалар әр өңірде дайындалуда.

Біз Арал ауданына қарасты үлкен ауылдың бірі – Аманөткелден құрылыс заттары шығады дегенді естідік. Кәсіпкермен телефон арқылы тілдесіп, жөн сұрасқанбыз. Осы ауылдың тұрғыны Бексұлтан Ідірісов «Пескаблок және кастраблок өндірісі» жобасымен өнім шығаруды бастапты.

– Былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 жарым миллион теңге қайтарымсыз грант ұттым, – дейді Бексұлтан. – Құрылысқа ең қажетті үш түрлі өрнектас (брусчатка) өндіруді қолға алдық. Екі жылдан бері осы тірліктің айналасындамыз. Біздің өнім көбіне-көп жеке үйлер мен кәсіптік ғимарат құрылысына керек. Қазір тәулігіне 400 дана өрнектас шығарсақ, бір айда өзіңіз де қанша өнім шығатынын есептей беріңіз. Бағасы да халыққа қонымды. Арал қаласынан және көрші елді мекендерден тапсырыс түсуде. Ал шикізатқа жергілікті өнім мен арнайы қоспалар пайдаланамыз.

25 жастағы кәсіпкердің мамандығы – құрылыс материалдарын өндіруші. Техника ғылымдарының магистрі. Әу баста жұмысын Орал қаласында бастап, біршама тәжірибе жинаған. Сондағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан университетінде оқып әрі студенттердің «Жасыл ел» құрылыс жасағына қатысқан. Енді ол кәсібін ұлғайтып, ауылдастарын жұмысқа қабылдамақшы.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<