Ауылды көркейтуге оң бетбұрыс жасалды

6536

0

Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республикалық семинарға қатысты. Іс-шараға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары, ведомство басшылары, барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары және ірі шаруашылық құрылымдарының төрағалары, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко арнайы келді.

Алдымен аймақ басшысы делегация өкілдерімен бірге Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылына барып, елді мекендегі көркейту, абаттандыру жұмыстарын көрді. Ауылдық округ орталығында «Абзал и К» толық серіктестігінің демеушілігімен бірқатар әлеуметтік нысан салынған, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жыл сайын жүргізілуде. Тұрғындардың пікірінше, ауыл қаладан кем емес.

Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиев делегация мүшелеріне ауылда салынған әлеуметтік нысандарды таныстырды.

Мәселен, «Еңбек аллеясында» тұрғындардың демалуына барлық жағдай жасалған. Брусчатка төселіп, темір шарбақтармен қоршалған. Орындықтар, беседкалар, төр жағына далалық сахна және жарықшамдар, субұрқақтар орнатылған, гүлдер, газон отырғызылған. Аллея ортасына күріш бейнесіндегі орнамент тұрғызылған.

Мұнан бөлек, компания елді мекеннің орталық алаңын көркейтіп-көгалдандырып, канны, петуния, авалон, катарантус, пеларгония гүлдерін еккен. Сонымен қатар, 12 көше бойындағы ағаштар күтімге алынған. Гүл егу, тал отырғызу және тазалық жұмыстарын ауылдың 30 тұрғыны атқарады.

Серіктестіктің демеушілігімен ауылдық округ әкімдігінің ғимараты пайдалануға беріліп, Мәдениет үйі қайта жаңғыртылды. №132 орта мектеп және «Балдырған» бөбекжай-балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Сондай-ақ компания мешіт тұрғызып, сауда орталығын ашты. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында 2015 жылы 1000 орындық спорт кешені пайдалануға берілді.

Заманауи, көрікті ауыл тұрмысын қонақтар жоғары бағалады. Әрі қарай «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады. Аймақ кәсіпкерлері Сыр өңірінде шығарылатын тамақ өнімдері мен өзге де тауарларын ұсынды. Оның ішінде қақталған балық, тартылған ет және шұжық, қаз, үйрек, бөдене еті, сүт өнімдері, бал, жеміс-жидек пен көкөністер, нан-тоқаш, жартылай дайын өнімдер бар. Сонымен қатар, попкорн, жүгері сусыны секілді ерекше өнімдер таныстырылды. Өңірде пластик шөлмек, құрылыс материалдары, ұлттық киімдер, көрпе-жастық, қолөнер бұйымдары, дәретхана қағазы секілді заттар да шығарылуда.

***

Республикалық семинарда аймақ басшысы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық  жетістіктерге тоқталып, семинарда озық тәжірибелер мен өзекті мәселелер талқыланатынына сенім білдірді.

– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кіріскеннен кейін ең бірінші кезекте «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлық аясында елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламалары сәтті жүзеге асуда.

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында аймағымызда серпінді жобалар қарқын алды. Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, бүгінде 733 млрд теңгеге жетті.   Осы жылдың 7 айының қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Кәсіпкерлікті қолдауға кейінгі екі жылда  127 млрд 500 млн теңге тартылып, 12 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Оның 25 млрд 100 млн теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау тапты. Жеке кәсіпкерлікті  қолдауға барлық қаржы көзінен 34 млрд 500 млн теңге қарастырылды. Екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдары арқылы 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылуда. Ауыл шаруашылығы саласына кейінгі екі жылда 20 млрд 300 млн теңгеден астам инвестиция тартылды.  Өткен  6 айда саладағы негізгі капиталға 3 млрд 300 млн теңге инвестиция салынды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды жобалар қолға алынды.  Елді мекендердің әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тірек және спутник елді мекендер айқындалды. Бес жыл ішінде  облыста  31 млрд 200 млн теңгеден астам қаржыға 435 жоба жүзеге асты. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салу мен жөндеуге, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды. 2027 жылға дейін жалғасатын жоба аясында жыл сайын қаржы көлемі ұлғайтылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, тұрғындар қолайлы ортада өмір сүруі үшін ойын алаңдары салынып,  аулалар абаттандырылды, парктер мен аллеялардың құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар  үлес қосты. Бүгінде өңірде демеушілікпен  45 млрд 200 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Оның ішінде аймағымыздың ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі  «Най-Мир» кәсіпорны  «Анаға тағзым» орталығын, «Абзал және К» кәсіпорны   «Еңбеккерлер аллеясын», «Таң ЛТД» шаруашылығы ауылды абаттандыру жобасын, «Жаңажол» шаруашылығы  орталық алаңды абаттандыруды, «Абай-Дәулет» шаруашылығы  «Бесарық» ауылын көркейтуді демеушілікпен жүзеге асырды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде аграрлық саланың негізгі мәселелері мен жоспарлар туралы айтты.

Семинарда  республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, профессор Өмірзақ Озғанбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі  Бауыржан Омарбеков, АӨК-ні дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Геннадий Зенченко, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов баяндама жасады.

Мұнан бөлек, Ақтөбе облысы «Степное» ЖШС басшысы Аманқос Төлеуов, Абай облысы «Өрнек» ЖШС басшысы Ержан Қойгелдин өз тәжірибелерін ортаға салды.

Жиын соңында ауыл шаруашылығы саласының үздіктеріне ведомстволық наградалар табысталды.

  ***

Республикалық семинар барысында аймақ басшысы «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

– Өздеріңізге белгілі, елімізде Президентіміздің бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтуде. Акцияға сырбойылықтар да белсенді  атсалысып, туған жеріміздің көркейіп-гүлденуіне  үлес қосуда.  Елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін жақсарту,  көркейту-көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстарды ынталандыру, бағалау мақсатында былтырдан бері «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсын қолға алдық. Өткен жылы конкурс 2 мәрте өткізілді.  Жеңімпаздарға облыстық бюджеттен  бөлінген 1 млрд теңгеге  күнделікті тұрмысқа қажетті  29 арнайы техника табысталды. Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы аудан орталықтары мен ауылдар арасында  дәстүрге айнала бермек, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, осы жолғы байқауға облыстық бюджеттен 564 млн теңге қаржы бөлінді. Зиялы қауым өкілдерінен, облыстық мәслихат депутаттарынан, қоғам белсенділерінен құралған тәуелсіз сарапшылық комиссия жеңімпаздарды анықтап, әділ бағасын берді.

«Үлгілі аудан» номинациясы бойынша Тереңөзек кенті үшінші орын, Шиелі кенті екінші орын, Жосалы кенті  бірінші орын алды. «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Арал ауданы «Аманөткел» ауылы үшінші орын,  Жаңақорған ауданы «Қожакент» ауылы екінші орын, Жалағаш ауданы «Еңбек» ауылы бірінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға  436 млн теңгенің 19 арнайы техникасы табысталды. Мұнан бөлек, «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін үлгілі ауылдардағы абаттандыру жобаларын қаржыландыруға 15 млн теңгенің сертификаттары берілді. Марапат Арал ауданы «Қосжар» ауылына, Қазалы ауданы «Өркендеу» ауылына, Қармақшы ауданы «Қармақшы» ауылына, Жалағаш ауданы «Аққыр» ауылына, Сырдария ауданы «Айдарлы» ауылына, Шиелі ауданы «Ортақшыл» ауылына, Жаңақорған ауданы «Өзгент» ауылына табысталды.

Еске салсақ, биыл коммуналдық  және абаттандыру  мекемелеріне  73 техника алынса, жыл соңына дейін тағы да  33 арнайы техника әкелініп,  ел игілігіне қызмет етеді.

***

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бастаған делегация Сырдария ауданы «Бесарық» ауылының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен және қолға алынған жобалармен танысты.

 Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Бесарықтың» өңірдегі алдыңғы қатарлы ауылдардың бірі,

«Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы екенін атап өтті.

«Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев ауылды көгалдандыру, көркейту, әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарына 734,8 млн теңгеден астам қаржы бөліп, мешіт және ауыл әкімдігі ғимаратын салып, орталық алаңды абаттандырған.

Сондай-ақ қонақтарға аталған серіктестік бастамасымен басталған құрылыстар таныстырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Алдағы уақытта «Бесарықтың» өз фри өндірісі болады. Мұнан бөлек, серіктестік ауыл тұрғындары үшін заманауи сауда үйін салуда.

Делегация Мәдениет үйінде атқарылған жұмыстарды да көрді. Бұрынғы Мәдениет үйі ғимараты 1979 жылы салынған. Қайта жаңғыртуға аудандық бюджеттен 25 млн теңге қаражат қаралды. Көрермендер залының төбесі, сахналық төсеніші, пердесі, орындығы жаңартылып, музыкалық аппаратура, ЛЭД-экран алынады. Жаңа үлгідегі жарықшамдар орнатылып, көрермендер залы толық жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, ғимараттағы кітапхана қайта жабдықталады. Жөндеу жұмыстары «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілігімен жүргізілуде. Қазір мекемеде 6 үйірме, 1 шығармашылық ұжым жұмыс жасайды, оған 114 мүше тартылған.

Әрі қарай қонақтар ауылдың орталық алаңына барды. Демалыс аймағына «Абай-Дәулет» ЖШС 65 млн теңге қаражат бөлді.  Алаң ортасына субұрқақ, «Ана бақыты» мүсіні орнатылған. Алдағы уақытта мұндағы орталық көшелер жаңартылып,  жол салынады.

Ауыл шаруашылығы министрі ауылдардың өзекті мәселелерін шешуге  агробизнес өкілдері оң бетбұрыс жасағанын айтып, жоғары баға берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<