Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа президенттік мерзімге сайланарда ауылды өркендету ісін ерекше назарында ұстайтынын баса айтты. Президент ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойып, Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, шағын несиелер беру арқылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту кеңінен қолға алынбақ. Жоба бойынша 7 жыл ішінде 1 млн-нан аса тұрғынды қамтып, 1 трлн теңге бөлу және 350 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұл бастамалардың басты мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету.
Осы ретте, ауыл шаруашылығын қолдау шараларын өңірімізде жүйелі жүзеге асыру маңызды. Бұл мақсатта облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан өңір экономикасын жақсарту жөніндегі комиссия құрылған. Комиссия азық-түлік пен ауылдың жағдайына алаңдаушылық білдірген көптеген сала жанашырларының ой-пікірлерін жинақтап, облыс басшылығына нақты ұсыныстар әзірлеуде. Онда қамтылған мәселелер туралы комиссия төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зейнеткер Қамбар Әжібековпен пікірлесудің сәті түсті.
Ең үлкен қолдау – жұмыс орны
– Аграрлық саланы дамыту, ауылдарды көркейту үшін, ең алдымен, «болашағы жоқ ауыл» деген ұғымнан арылу керек, – дейді Қамбар Әжібеков. – Осы ғасырдың басында елімізде 7 мың ауыл бар еді. Қазір 6200-і қалды. Қызылорда облысында 270 еді, қазір 230. Бәрі болашағы жоқ деген сөзден. Халқы азайып қалды, тарату керек дейді. Сөйтіп, біз 24 ауылды таратыппыз. Неге? Халықты қалаға жинап алып, тұрғын үй, су, жылу, жарық сияқты мәселелермен күнде бетпе-бет келіп отырмыз. Оның орнына ауылда қалуы үшін жағдай жасау керек. Ал ең үлкен қолдау – жұмыс орнын ашып беру.
Әрине, бұл мәселені ауыл әкімі шеше алмайды. Есесіне «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, өңірлік инвестиция орталығы, ауыл шаруашылығын қолдау қоры секілді құрылымдардың қаржысын жүйелі басқарып, жоспарлы түрде жұмсау қажет.
Мысалы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы жұмыссыздарға бір реттік грант есебінде 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы береді. Оны алған адамның бәрі тиісті мақсатына жұмсамайды. Сол қаржыға той жасап немесе несиесін жауып жатқандар да бар. Ал соны қолға бермей, оның орнына кәсіп істеуге қолайлы жағдай туғызуға жұмсауға болады.
Сондай тәжірибені Жамбыл облысынан көруге болады. Онда ауыл халқына мал алып берген де, белгіленген мерзімнен кейін малдың басын бересің, өсімі өзіңде қалады деген. Сөйтіп, біраз адамды жұмысты қылды. Осындай тәжірибені бізде де қолға алуға не кедергі?
Кейнс теориясы
Бір жағынан бұл – әлемдік экономикада бар үрдіс. Экономиканы мемлекеттік реттеу деп аталады. Өркениетті елдер нарықтық қарым-қатынасты бетімен жіберіп отырған жоқ. Бәрі де мемлекеттік мүддені қорғау мақсатында экономиканы реттеу мәселесімен терең айналысады. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Мұны кейнсшілдік дейді, яғни экономиканы мемлекет реттеуді жақтайтын экономикалық саясат. Бұл бағыттың негізін қалаушы – ағылшын ғалымы Джон Кейнс. Оның осы теориясы негізінде экономиканың екінші құрамдас бөлігі – макроэкономика қалыптасты. Кейнстің бұл теориясы әлемге кеңінен танылды. Сондықтан экономиканы бетімен жібермей, мемлекет өзі реттеп отырғаны жөн. Бұл – Үкіметтің жауапкершілігіндегі шаруа.
Тағы бір мәселе атакәсібіміз – мал шаруашылығына байланысты. Кеңес үкіметі кезінде елімізде 1,5 млн қой болды. Қазір соның жартысы да жоқ. Сондықтан қазақты атакәсібіне қайта апару үшін де жағдай керек. Ауылдағы жұмыс істейтін азаматтарға тұрақты, жақсы жалақы қажет. Себебі, қалаға кеткен ауылдықты қайтару да қиын. Өңірде өмір сүруін тоқтатқан 24 ауылдағы зираттар да иесіз қалды. Оны тарих кешірмейді. Мүмкін ауылда тұрғаны үшін азаматтарға қосымша қаржы төленуі керек шығар. Ауыл өнімдерін де мемлекет өзі сатып алып, әлеуметтік дүкендер арқылы сатуды кең көлемде жолға қойса, бағаға да бақылау болар еді.
Мемлекет өзін өзі асырай алуы үшін ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 25-30 пайыз болуы керек. Ал бізде – 5 пайыз. Бұл – ауыл шаруашылығындағы солақай саясаттың салдары. Әйтпесе, 1990 жылдардың басында бұл көрсеткіш 25 пайыз болатын. Сарапшылар мәліметінше, жеріміз 100 млн халықты асырауға жетеді. Сондықтан, 19 млн халықты азық-түлікпен қамти алмау ұят жағдай екені анық.
Ауыл шаруашылығын қалай қолдаймыз?
Облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған комиссия өз ұсынысында негізінен өңір экономикасы үшін өзекті екі мәселені көтеріп отыр. Бірінші мәселе – ауыл шаруашылығын қалай қолдаймыз? Қандай мүмкіндіктер бар?
– Саланы қолдаудағы негізгі мақсат – облыс өндіруге қабілетті өнімді өзі өндіре алуы тиіс. Еліміз әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімінің 6-ын сырттан сатып алады. Бұл – шынында ұят нәрсе. Айталық, алманың 32 пайызын сырттан аламыз. Кезінде Атырау облысын басқарған Бақтықожа Ізмұхамбетов бастамашы болып, жері мұнайлы, шөлейтті саналатын өлкеде бір шаруашылық лимон мен алма өсіруді қолға алған екен. Былтыр сол шаруашылық 800 тонна алма алыпты. Бұл – Атырау облысының әрбір тұрғынына 1,5 келі алма. Осылайша, Атырау жұрты бұрынғы стериотипті бұзып отыр. «Бізде алма шықпайды» деген түсінік облысымызда да бар. Бірақ Жалағаш ауданының Мақпалкөл ауылында, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі аудандарында алма егіп, өнім алып отырғандар жетерлік, – дейді Қамбар Әжібеков.
Оның айтуынша, экономиканы мемлекеттік реттеуді қолға алатын кез келді. Қарапайым тілмен айтсақ, «субсидия берем», «несие ал» деп ауыл адамын сандалтпау керек. Облыста 230 ауыл бар десек, соның бәрін осы бастан зерделейік. Әрбір ауылдың халқы бұрын немен айналысып еді? Жері тағы қандай шаруашылықпен айналысуға қолайлы? Сосын облыстан бір комиссия құрылып, оған ауданнан, ауылдан өкіл қосылып, әр ауылға жоғары басшылықтан бір адамды бекіту қажет. Мұндай тәжірибе аймағымызда бұрын болған да.
– Сонау 2001-2003 жылдары ауылдықтардың еңсесін көтеру мақсатында бірқатар бағдарламалар іске асырылған. Экономикасы тоқыраған ауылдарынан 21 ауылдық округке арнайы бағдарлама жасалып, біршама көмек беріліп, жұмыс орындары ашылды. Оларға облыстық басқармалардың бір-бір басшылары бекітілді. Солардың қатарында мен Жаңақорған ауданындағы «Ақүйік» ауылында болдым. Сол кезде ауылдан 54 жұмыс орнын аштық. Олардың 27-сі кейін тұрақты жұмыс орны болып қалды. Осындай тәжірибені қайта қолға алуға болады, – дейді еңбек ардагері.
Өнеркәсіптегі өткір мәселелер
Комиссия көтеріп отырған екінші мәселе – жеңіл өнеркәсіп. Біз басқа киім түрлерін айтпағанда, іш киімнің өзін тікпейміз. Түркия мен Қырғызстаннан тасимыз. Бұл да – қолымыздан келетін іс. Қарапайым мектеп формасынан бастайық. Өңірде 180 мыңдай оқушы бар десек, солардың барлығына 2025 жылдан бастап бірыңғай мектеп формасы енгізілмек. Ал аймақта жеке тігін цехтарын айтпағанның өзінде, тігіншілерді дайындайтын үш кәсіптік-техникалық білім беру орындары бар. Олар мектеп формасына деген сұранысты толық қанағаттандыруға қауқарлы. Оған қоса, мектеп формасына тапсырыс беру мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізілмейді. Тапсырысты беретін – мектеп, ақшасын төлейтін – ата-ана.
– Мұндай мысалдар көп. Айталық, қарапайым заттар экономикасы дегенді жиі айтып жүрміз. Соны қарапайым ғана сыпырғыдан бастаса да болады. Облыста сыпырғының өзін ешкім егіп алып жүрген жоқ. Түркістан, Шымкент өңірлерінен алып келеді. Әр ауданнан бір шаруашылық қолға алса да, облыс өз қажетін өзі өтер еді. Сондықтан, комиссия ұсыныстарының ішінде жеңіл өнеркәсіпке қатысты бірқатар мәселелерді де қамтып отырмыз, – деп толықтырды Қамбар Әжібеков.
Қарапайым заттар экономикасы, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен құрылысқа қажет өнімдерді өндіруді мемлекет субсидиялап, несие бергеннен кейін, мемлекет өз ақшасына өзі ие болуы керек. Осы орайда биылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізуде форвардтық қаржыландырудың жаңа тәсілдері енгізілетінін айта кеткен жөн.
Форвард – қарапайым тілге көшірсек, шаруаларды алдын ала қаржыландыру. Керекті көкөніс көлеміне қарай шаруаларға алдын ала көктемде ақша беріп, күзде өнімін жинап алу. Мұндай шара өз кезегінде дүкендерде көкөніс бағасының тұрақты болуына септігін тигізеді. Бұл тәжірибе бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында болды.
Салаға форвардтық қаржыландыру сияқты нақты қолдау көрсетудің уақыты баяғыда-ақ келді. Себебі, Қызылорда облысы әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерінің үшеуімен ғана өзін өзі қамтамасыз етеді. Қалған 16 түрі сырттан тасымалданады.
Аграрлық саланы дамытудағы тағы бір үлкен мәселе – суды үнемдеу. Жері тастақты, шөлді дейтін Израиль мемлекеті тамшылатып суарудың арқасында экспортқа өнім шығарып отыр. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін реттеудегі маңызды бағыттың бірі суармалы егістік десек, тамшылатып суару технологиясын кеңінен пайдалану керек.
Ауыл мұқтажына көңіл бөлсек
– Ауылдарды сақтап қалудың тағы қандай амалдары бар еді деген сұрақ орала береді, – дейді ендігі сөзінде белгілі қаржыгер. – Ауылда әлеуметтік сала мамандарын ұстап тұру да үлкен мәселе болып отыр. Қолданыстағы «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заң бойынша ауылдық жерлерде тұратын мамандарға жергілікті мәслихаттардың шешімдерімен лауазымдық айлық жалақыларына 25 пайыздан кем емес, қалаларға қарағанда, жоғарылатылған төлемақы төлеу, бюджет есебінен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау мәслихат бекіткен тәртіппен және мөлшерде көрсетілетіні қаралған. Бұған қоса, мамандар қызметтік тұрғын үймен немесе жалдамалы үймен қамтамасыз етілуі белгіленген.
Енді осы жеңілдіктер нақты қалай іске асып жатыр? Облыста аудандық мәслихаттардың шешімі бойынша жалақыға үстеме тек 25 пайыздық мөлшерде төленуде. Бірақ заң оны көбейтуге рұқсат беріп тұр. Заңның аясында осы жалақыны көтеруге болар еді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету барлық жерде бірдей жолға қойылмай отыр.
Мысалы, кеңес үкіметі кезінде, 1960 жылы коммуналдық қызметке қатысты заң болған еді. Сол заңға сәйкес үйдің әр шаршы метрін жылытуға 50 келі көмір, 12 келі ағаш отын, жарықтың 384 киловатын тегін беретін. Ай сайын бір адамға 1,5 текше метр суды дифференциалды бағамен беретін. Қолдаудың осындай түрлері бар еді. Қазір қыстық отынға деп 4 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаржы беріледі. Бұл – шамамен 0,7 тонна көмірдің құны. Су мен жарықтан жеңілдік жоқ. Бірақ бұл норма Заңмен шектелмеген, жергілікті мәслихаттар өзі айқындап отыр.
Қамбар Әжібековтың айтуынша, мамандардың ауылдық жерлерде қызмет атқаруын ынталандыру мақсатында оларға көрсетілетін қолдауларды ұлғайтқан абзал.
– Мамандарға лауазымдық жалақыларына төленетін үстеме мөлшерін тұрақты «40 немесе 50 пайыз» деп заңмен бекітсе. Әкімдер мен мәслихаттардың өздері-ақ елді мекендердің алшақтығына, даму деңгейіне қарап, дифференциалды түрде үстеме мөлшерін бекітуге болады. Мысалы, облыстағы Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі әлеуметтік сала қызметкерлері де, аудан орталығынан 120-200 шақырым қашықтықтағы Шәкен, Қызылқұм кіндігіндегі Кәукей, Тасарық ауылдарында да қызметкерлер жалақыға бірдей 25 пайыз үстеме алуда, – дейді ол.
Ауылдың әлеуетін арттырудағы тіректерінің негізгісі – жергілікті өзін-өзі басқару. Біздің жағдайымызда шектен тыс орталықтандыру жүйесі қалыптасқан. Қалай дегенде де, орталық билік жер-жердегі әлеуметтік-шаруашылық мәселелерін жергілікті жердегілерден жақсы білмейді. Мәселелерін толық шеше алмайды да. Оны ауыл, аудан халқының өзі ғана шешуі мүмкін.
Жергілікті өзін-өзі басқару негізінен ауылдық жерлерге өте қажет. Қазіргі таңда барлық ауылдық әкімдіктерде дербес бюджет бар деп есептеледі. Бірақ, оның бюджетіне аумақтағы бірқатар мекемелерді қаржыландыру жүктелмегені түгілі, оның кірістері шектелген. Немесе осындай «күзелген» бюджет шығыстарының 5 пайыздайын ғана өз кіріс көздерімен жабылуда. Аумақта жиналатын жеке табыс, әлеуметтік салықтардың барлығы орталықтандырылған.
Бір сөзбен айтқанда, жергілікті мәселелердің қаржылық шешілу деңгейі күрделі. Осы сенімсіздікпен жергілікті проблемаларды дер кезінде шешу, өзін өзі басқаруды тиісті дәрежеде атқару бағытында ауылдық жерлерге тиесілі биліктерін берген абзал. Осындай жағдайда ғана ауылдар өз мәселелерін өздері шеше алады.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<