Ауылды қолдау – келешекті ойлау

481

0

Сейсенбіде  ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық аумақтарды дамыту, салықтық және кедендік әкімшілендіру, цифрландыру мәселелері көтеріліп, нақты тапсырмалар берілді. Мәжілістен кейінгі жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев берілген тапсырмаларды нақтылады.

–       Облыс халқының саны 841,8 мың адам болса, оның 53%-ы ауылда тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға баса назар аударып, ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту – басты мақсаттардың бірі. Ауылдық аумақтарды дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, облыста ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Тұжырымдаманың басты мақсаты – ауылдың инфрақұрылымын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, кадрлармен қамтамасыз ету. Инфрақұрылым мәселелері «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде шешілуде. Жобамен 372,1 мың тұрғыны бар 58 тіректі, 45 спутниктік, барлығы 103 ауылдық елді мекен қамтылады. Соңғы 5 жылда 69 елді мекенде құны 30 млрд теңгеден асатын 443 жоба жүзеге асырылды. Осылайша облыс халқының 98 пайызы, ауылдық елді мекендердің 86 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. 194 шақырым электр желілері қайта жаңғыртылып, 35 ауылдық елді мекен газдандырылды, – деді аймақ басшысы.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша алда атқарылатын жұмыстарды баяндады.

–    Қазіргі кезде елді мекендердегі электр желілерінің тозу деңгейі 66 пайызды құрайды. Биыл 11 млрд теңгеге 741 шақырым әртүрлі кернеудегі электр желілері мен 127 қосалқы станцияны қайта жабдықтайтын боламыз. Нәтижесінде тозығы жету деңгейі 61  пайызға төмендейді. Жалпы біз бұл бағытта 2030 жылға дейін нақты жоспар бекіттік. Ол бойынша 109 млрд 860 млн теңгеге облыс бойынша электр желілерін қайта жаңғыртатын боламыз. Нәтижесінде тозығы жету деңгейі 35 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Газбен қамтамасыз ету бағытында былтырғы жылдың қорытындысымен халықтың 75 пайызын газбен қаматамасыз етуге қол жеткіздік. Биыл және 28 пайыз қамту межеміз бар. «Көгілдір отынмен» қамтуда да 2030 жылға дейін бекітілген жоспарымыз бар. Оның аясында жалпы халық санымен есептегенде 91,3 пайыз тұрғынды газбен  қамтамасыз ету көзделген. Облыс халқының 98,4 пайызы сумен қамтамасыз етілген.  Биыл 14 жоба жүзеге асырылып жатыр. Келер жылға 20 жоба ұсынылып отыр, – деді басқарма басшысы.

Осы орайда аймақ басшысы ауылдарды дамытуда атқарылатын жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қатаң ескертті.

Инфрақұрылым: Жауапкершілік үлкен

Жиында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы тапсырған 4 ауқымды инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыру барысы егжей-тегжейлі қаралып, тиісті міндеттер айқындалды.

Аймақ басшысы қала және аудандардың әлеуетін ескере отырып, биылға барлық көздерден 517 млрд теңге инвестиция тарту межесі қойылғанын еске салды. Осыған орай, жауапты орынбасарына бір апта ішінде аудан және қала бөлінісінде инвестиция көлемін ұлғайту мүмкіндігін қайта зерделеп, ұсыныс енгізуді тапсырды. Нұрлыбек Машбекұлы қала және аудан әкімдері жұмысының тиімділігі инвестиция тарту көрсеткішімен бағаланатынын ескертті.

– Күні кеше Үкімет басшысының төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларын мерзімінде іске асыру тапсырылды. Бірінші, қолданыстағы жылу көздерін жөндеу және инженерлік желілерді модернизациялау. Жылумен қамту – облыстағы күрделі мәселенің бірі. Қолданыстағы жылу орталығының тозығы жетуіне байланысты түрік инвесторларымен бірлесіп, құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу орталығының құрылысын бастадық. Нысан 2025 жылы іске қосылады. Ендігі кезекте тозығы жеткен жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңғыртуымыз қажет. Екінші, елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру. Республика бойынша 1796 шақырым газ құбырларын жаңғырту арқылы 300 мыңнан астам тұрғыны бар 87 елді мекен газдандырылмақ. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 195 млрд теңге қаралған. Облыстың елді мекендерін газдандыру мәселесін де шешуіміз қажет. Бірінші кезекте халық көп шоғырланған елді мекендерді газбен жабдықтауға басымдық беру керек, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына Қызылорда қаласы және аудандар әкімдерімен бірлесіп, республикалық бюджеттің нақтылануы және 2025 жылға бекітілуі кезінде осындай жобаларға қаржы тарту үшін тиісті министрлікпен жұмыс жүргізу тапсырылды. Мұнан бөлек, жиында тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту тапсырмасына сәйкес 18 млн шаршы метр үй салу туралы айтылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 272 млрд теңге қаралады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлердің көлемін арттыруды тапсырды. Бүгінгі күні ипотекалық тұрғын үйге ауылдық жерде сұраныс аз болғандықтан, жалға берілетін тұрғын үй салу экономикалық жағынан тиімді. Министрліктен сұраныс болған жағдайда, ұсынатын өтінімдер тиісті құжаттарымен бірге дайын болуы қажет.

Төртінші бастама – елдің жол желісін салу және жаңғырту. Мемлекет басшысы ел аумағында қосымша 2,5 мың шақырым жол салуды тапсырды. Бүгінде облыстың жергілікті маңызды автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 87,5 пайызға жетті. Биыл бұл көрсеткішті 90 пайыздан асыру міндеті қойылған. Аймақ басшысы Үкіметтен бөлінетін қаржыны өңірге тарту бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды. Бұл шаралардың барлығы өңірге ауқымды инвестиция әкелуге қолайлы мүмкіндік бермек.

Қаржы қазанына қырағылық қажет

Күн тәртібіндегі және бір мәселе – салықтық және кедендік әкімшілендіру, цифрландыру бойынша облыс әкімі тапсырмаларды нақтылап, жауапты мекемелермен бірге атқарылатын жұмыс жоспарын айқындады.

– Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы бюджетті оңтайландыру міндетін айқындап берді. Экономикалық өсімге әсер ететін басым бағыттарды ғана қаржыландыру қажеттігін атап өтті. Осы ретте, аймақта тиімді бюджет және салық саясатын жүргізу, өңірдің қаржы қазанына түсімдердің толыққанды түсуін, тиімді жоспарлануын әрі игерілуін сапалы және нәтижелі ұйымдастыру – басты міндетіміз. Өңіріміздің республикалық бюджеттен берілетін субвенцияға тәуелділігін төмендетудің бірден-бір жолы жергілікті бюджеттің салық базасын ұлғайту екендігі белгілі. Сондықтан облыс, аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттерінің кіріс көзінің тиімді жоспарлануына және орындалуына жауапкершілікпен қарап, тұрақты бақылау жүргізу қажет, – деді аймақ басшысы.

Аталған мәселелер бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасына Қызылорда қаласы, аудан әкімдерімен, мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп, салық пен бюджет төлемдері бойынша резервтерді анықтау жөніндегі алгоритм шеңберінде жұмысты жандандыру тапсырылды. Елді мекендерде бақылау-кассалық машиналарын қолданбайтын субъектілерді анықтау үшін рейдтер жүргізілетін болады. Мұнан бөлек, мемлекеттік кірістер органдарында тіркелмеген салық салу нысандарын анықтау жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Жеңілдетілген шартпен кредит, грант алатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің салықты толық және мерзімінде төлеуіне бақылауды күшейту, жергілікті бюджетке түсімдердің қосымша көздерін қарастыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Қоймадағы өнім уақыт күтпейді

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өткір қозғалды.

Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің халыққа арзан бағамен ұсынылып, уақытылы сатылуы керектігін қатаң ескертті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Азық-түлік өнімдерін өндіруде, өткізуде бағаны ашық белгілеуді, өнімсіз делдалдармен күресуді атап өтті. Осы орайда, Үкімет барлық өңірлердің халық санын ескеріп, маусымаралық кезеңдегі көкөніс өнімдерінің нақты көлемін бекітті. Біздің өңірдің тұрақтандыру қорына 5 мың тоннаға жуық өнім көлемі белгіленіп, сатып алынды. Бұл халықтың қысқы-көктемгі қажеттілігін қамтамасыз етуге есептелген. Алайда бүгінгі күнге небәрі 8 пайызы ғана өткізілген, сатылғаны – 384 тонна. Ел үшін алынған тауар жұртшылықтың тұтынуы үшін сатылуы керек. Осы жұмысты сіздерге 10 күн бұрын тапсырдым. Әлеуметтік желілерде тарату туралы да айттым. 4-5 күн бұрын қала, аудан әкімдеріне тағы тапсырдым. Іске жауапкершілікпен қарап, қолда бар мүмкіндікті пайдаланбаған соң, бүкіл еңбек зая кетуде. Біздің негізі мақсатымыз – халыққа азық-түлікті тиімді бағада ұсыну. Тұрғындардың жағдайы, олар тұтынатын азық-түліктің жеткілікті көлемде, қолжетімді бағада болуы –  бірінші орындағы мәселе. Сондықтан алдағы уақытта да көкөніс өнімдері қолайлы бағада ұсынылатын болады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жыл басында облыс әкімі қоймадағы көкөністерді тұтынушыларға арзан бағамен сатуды тапсырған болатын. Өйткені, қордағы көкөністердің көктем жақындағанда бұзыла бастайтыны белгілі. Осының алдын алу үшін ертерек әрекет етіп, тезірек қимылдау керектігін ескерткен. Мысалы, базардағы пияз бағасы 80-120 теңге аралығында болса, оны «Байқоңыр» ӘКК арқылы барлық аудандар мен қалада 30-35 теңгеден сату міндеттелді. Алайда, бірде-бір аудан әкімі бұл тапсырманы орындамаған. Бүгінгі жиында аймақ басшысы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әбілтайға, барлық жауапты басшыларға, қала, аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасады. Бұл жұмыстар уақытылы әрі жүйелі жүзеге асқанда, ең алдымен халыққа қолайлы болатын еді. Екіншіден, базар бағасын тұрақтандыруға оң ықпал ететін. Естеріңізде болса, өткен жылы қоймадағы көкөністі жарамсыз күйге түскенге дейін сақтаған «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басшысы жұмыстан босатылған болатын.

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<