Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жетікөл» ауылдық әкімдігінің бастамасымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығында «Сұхбат ТІМЕ» жобасы аясында «Ауылға барам…» атты іс-шара өтті. Бұл шараға «Жетікөлдің» төл перзенті, Сыр бойына белгілі қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сыр медиа» ЖШС ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжалы Ерімбетов шақырылды.
Кешке «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, Қызылорда қалалық Варшава келісімшарты аясында құрылған әскерилер тобында борышын өтеген ардагерлер қоғамы директорының орынбасары Сексенбай Райымбеков, «Жетікөл» ауылдық округінің әкімі Өмірбек Тоқпамбетов және ауыл тұрғындары қатысты.
Аталған іс-шараны «Жетікөл» ауылдық клубының директоры, Сыр бойына танымал жырау Алмат Өтеуов ашып жүргізді. Алғы сөз «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаевқа берілді.
– Құрметті ауылдастар мен кешке келген қадірлі қонақтар! Бүгін біздің әріптесіміз, ардагер журналист, ақын Ерімбетов Кенжалы ағамызды сұхбат алаңына шақырғандарыңызға өз атымнан рақметімді айтамын. Ауыл бұл – дарындылар мен танымал тұлғалардың мекені. «Жетікөлдей» шағын ауылдан республикаға танымал тұлғалардың шыққанын өздеріңізден естіп, біліп жатырмыз. Осы кісілерге қарап, бүгінгі ауыл жеткіншектері бой түзеп өсері анық. Біз де ауылдан шықтық. Сол ауылдағы «өнегелі ағалардай болсақ» деп қызыға қарап өстік, жетілдік. Ұрпағымыз бүгінгідей әлеуметтік желіге телінген заманда, осындай іс-шаралардың жиі өткені дұрыс деп есептеймін. Балалардың телефонына ақша салып, Тик-ток қаратып көздерін талдырғанша, Ұлы Абайдың: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ойлап қой, бес асыл іс, көнсеңіз» деген ұлағатын бүгінгі ұрпақ санасына сіңіре білсек, олардың сана-сезімі жаңарып, өмірге деген көзқарасы жаңаша қалыптасары анық. Міне, сонда адал азаматтардың қатары артып, әділетті қоғам қалыптасады деп ойлаймын, – деді Марат Жайылханұлы.
Мұнан соң сахна төрінде Кенжалы Ерімбетовтің өмір жолы жайлы видеоролик көрсетіліп, еркін сұхбатқа жалғасты. Іс-шараға жиналған қауым естеліктерін бөлісті. Көл жағасында тұратын қайықтардың тағдыры баяндалып, бүгінде оның келмеске кеткені жайында терең ой қозғалды. Көл жағасын аппақ сор басқаны жүрекке салмақ түсіретінін ақын өз өлеңінде жеткізе білген. Кеш кейіпкері бір кездегі соғысқа қатысқан ауыл қарияларын еске алып, олар жайлы сағынышты өлеңін оқыды.
Сұхбат барысында адамгершілік қасиет, туған жерді сүю, туған ауылды қолдау, ұлттық құндылықтар, парасат пен салауаттылық, отбасылық сыйластық, тәрбие мен тәлім, балаларды сапалы білім алу мен кітап оқуға көңілдерін аудару туралы, иман мен иба жайлы жан-жақты ойлар ортаға салынды.
«Сұхбат ТІМЕ» жобасында оқушылар ақынның өлеңдерін оқып, туған жерді сүю туралы көзқарастарын айтып, пікір алмасты. Ауыл тұрғындары атынан еңбек ардагерлері Роза Айтмағанбетқызы, Клара Наурызбаева және Дастан Салмұрзаев сөз сөйлеп, бүгінгі сұхбаттың өте мәнді өткенін айтып, кеш қонақтарына алғыс білдірді. Мұнан соң ауыл тұрғыны, ардагер-ұстаз Гүлсім Жакенова Кенжалы Ерімбетовтің иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Жылы жүздесу арасын ауыл өнерпаздары әнмен өрнектеп отырды. Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар жалғасын табатынын жеткізген ауылдық округ әкімі Сырдария ауданы әкімі Б.Сәрменбаевтың Алғыс хатын табыстап, ақынға шапан жапты. Кездесу соңында ардагер-журналист, ақын Кенжалы Ерімбетов «Сыр медиа» ЖШС ұжымы атынан «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп оқушыларына арналған оқу сөмкесі мен құрал-жабдықтарын тарту етті.
«СБ» ақпарат





