Ауылым алпыс жылдың асуында

397

0

Демалыс күндері Қармақшы ауданына қарасты «Қуаңдария» ауылының құрылғанына 60 жыл толу құрметіне той өтті.

Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Қазақ ССР Министрлер кеңесінің «Қазақстанның шөл және шөлейт аймақтарында қой шаруашылығын өркендету арқылы шаруашылықтар ұйымдастыру туралы» қаулысы 1963 жылы шыққан соң, біздің облыстың Тереңөзек ауданында «Іңкәрдария», Жалағаш ауданында «Аққыр», «Жаңадария», Қармақшы ауданында «Қуаңдария», «Жаңақала», Қазалы ауданында «Қызылқұм» совхоздары құрылған еді.

Құрылғаннан тарағанға дейін «Қуаңдария» совхозындағы үш фермада 40 мыңға жуық қой, жүздеген жылқы, түйе болған. Ауылдың нарықтық экономикаға көшкенге дейінгі, одан кейінгі тіршілігі халықтың көз алдында. Құрылғанына 60 жыл толған елді мекеннің мерекесіне кезінде осында тұрған, қызмет істеген, балалық шағы өткен жандар  жан-жақтан жиналды. №186 мектепте «Құтты мекен – Қуаңдария» атты ауыл тарихына, азаматтарына арналған музей ашылды. Жақында өмірден өткен ардақты азамат, ұстаз Асқар Дәндесов атындағы қазақша күрес турнирі ұйымдастырылды. Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіраш Өмірбаевтың 100 жылдығына арналған «Өткенге құрмет – ұрпаққа өнеге» атты тағылымдық кеш те  өскелең ұрпаққа берер өнегесімен ерекшеленді.

«Қуаңдарияның» орталық алаңындағы мәдени-көпшілік іс-шараларға Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек қатысып, мерейлі мерейтойға жиылған жұртшылықты ауылдың тарихи белесімен құттықтады. Бірқатар азаматқа мерекелік медальдар мен Алғыс хаттар табыстап, құрмет көрсетті.

Мерекеге орай еңбек ардагері Шегебай Құндақбайұлының «Шалғасқаттан Қуаңдарияға дейін» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап ауылдың өсіп-өркендеу жолынан сыр шертеді. Оқырман шаруашылық пен түрлі әлеуметтік құрылымдарда еңбек еткен азаматтар, ел мен жердің тарихы туралы мәліметтерге қанықты. Автор тарихи деректер мен оқиғаларға ерекше мән берген.

Мерейтойда қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, жиналған қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілек білдірді.

Биыл ауылды абаттандыру, атап айтқанда, көшелерді жарықтандыру ісі шешімін тапты. Көшелер, «Жастар», «Жеңіс» аллеялары, балалар ойын алаңы, мешіт ауласы мен әкімшілік аумағы жарықтандырылды. Бұдан бұрын ауылда мектеп, ауылдық клуб пайдалануға берілсе, осы кезде фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда.   

Мерекелік іс-шаралар ат бәйгесі, ұлттық спорттық ойындармен жалғасты. Екі күнге созылған мерейтойда облыстық филармония өнерпаздарының, эстрада әншілерінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

«СБ» ақпарат

Бізді өсірген өмір мектебі

Мың тоғыз жүз алпыс төрттің көктемі,

Кие қонған «Қызылқұмның» бөктері.

«Қуаңдария» деген ауыл құрылды,

Жатқан жер ол орталықтан шеткері.

Ел жұмылып көшеге тал еккені,

Құрылыс дамып қолда күрек, кетпені.

Кешегі күн көз алдымда қаттаулы,

Бізді өсірген осы өмір мектебі,

«Ыстық бұлақ» ыстық әрбір көңілге,

Ешнияз сал мазары тұр жерімде.

«Қарақұм» мен «Қызылқұмның» қиясы,

Талай текті тұлға шықты елімде.

Ауылымның алғашқы аты – «Шалғасқат»,

Тарихқа сүрлеу салсам жол бастап.

Өнеге айтар қариялар ізі бар,

Киіз үйдің іргесінде жамбастап.

Есік алды бау-бақшасы жайқалған,

Өргізіп мал өрісінен қайтарған.

Күн-түн демей қызмет еткен халыққа,

Механизаторлар шықты бізден майталман.

Малдың жайын келтіретін барын сап,

Шопандар жүрді міндеттерін орындап.

Үлкендерге жәрдемдесіп шынығып,

Еңбекпен жастар өсті жалындап.

Елден көрем болашақтың бастауын,

Саған арнар талай шайыр дастанын.

Мерейтойың құтты болсын, ғазиз ел,

Бағындырған алпыс жылдың асқарын.

Мәриямкүл СЫДЫҚОВА,

еңбек ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<