Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең

713

0

Қазақтың қанына сіңген қасиеттің бастысы – үлкенін құрметтеу, кішісіне қамқорлық жасап, тура жол көрсету, өнеге үйрету. Мына толастамайтын тіршілікте осы ғұрып жалғаса түссе, құндылықтар тозбайды, ұрпағымыз азбайды. Кейінгілер өткенсіз бүгіннің жоқ екенін біле жүріп, өз ізбасарларына осыны ұғындырып отырса кәні.

«Үй жанында дөң болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қарияң болса, жазулы тұрған хатпен тең», деп бұрынғылар бекер айтпаған. Мұның мән-мағынасы әрине терең. Ілгергілер аманат еткен осынау зілмауыр жүкті қазір ардагерлер кеңесі аталатын қоғамдық ұйым міндетіне алуы керек десек, ақиқаттан алшақ кетпейміз. Әрине, бұл ұйымдар әр жерде әртүрлі деңгейде тіршілік етіп келеді.

Жаңа жылдың алғашқы аптасында Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері бас қосты. Оған ардагерлер конференциясында елге еңбегімен танылған, өмірлік тәжірибесі мол, сыйлы қариялар сайланған. Құрамына ұлағатты ұстаздар, білікті дәрігер, заң қызметкері, полиция ардагері, жазушы-журналист, мемлекеттік қызметте болғандар, экс-депутат, құрылысшы, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері тартылған. Сонымен аудандық ардагерлер алқасы өткен жылды қорытып, жаңа жылдың жоспарын жасады. Аузы дуалы ақсақалдар бірлесе елдің ынтымағы мен бірлігіне, еліміздің даму барысына шама-шарқынша атсалысуын бағамдады.

Иә, қоғам өмірінде кешегі күндері әр салада аянбай еңбек еткен әр ардагер көзден де, көңілден де таса болмай, белсенді өмір ортасына тартылуы тиіс. Олардың мұқтаждықтары, өтініш-ұсыныстары әрдайым назарға алынып, тиісті орындар арқылы жәрдем берілгені жөн. Түрлі мерекелерге шақырылып, лайықтылары марапатталып отырса, сонда ұйымдастырушының да, ардагердің де мерейі өседі. Ұрпақтар сыйластығы артады.

Мүмкіндігіне орай қарт кісілерді тегін жолдамамен демалыс орындарына жіберіп, көңілдерін бір сергітіп қойса қандай жақсы! Ем алуына да көмектесу керек. Өнер және спорт сайыстарын өткізу олардың салауатты өмірін қалыптастырады. Осылай жасалып та келеді.

Шиелі ауданындағы 8500 ардагер 47 бастауыш ұйымына топтастырылған. Әр бастауыш ұйым төрағалары жоғарыдағы аталған мәселелерге өте сергек. Өйткені ауызбірліктің жарасымы осыдан бастау алады. Бұл мемлекетіміздің нығая түсуіне, Қазақ елінің өз дәргейіне келуіне қажетті шарттардың бірі болмақ. Халыққа бос сөз емес, нақты іс бағалы.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

ардагер-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<