Ауызсумен қамту 98,4 пайызға жетті

537

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен  мәжілісте тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту, су бұру мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы ауызсумен қамтамасыз ету және су бұру мәселелері өңір жұртшылығы үшін зор маңызға ие екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жылда халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырды. Қазір облыс аумағында 4 қала және 230 ауылдық елді мекен бар. Қалалардың барлығы ауызсумен толық қамтылған. Өткен жылы Арал ауданы «Көктем» елді мекеніне ішкі су жүйесі салынды, «Құландыға» су тұшытқыш қондырғы орнатылды, «Мойнаққа» шахталық құдық қазылды. Шиелі ауданы «Қосүйеңкі» және «Қызылқайың» елді мекендеріне ішкі су жүйесі жүргізілді, «Жуантөбеге» су тұшытқыш қондырғы қойылды. Осылайша халықты орталықтандырылған ауызсумен қамту үлесі 98,4 пайызға жетті. Қазіргі таңда облыс аумағында орталықтандырылған ауызсумен қамтылмаған адам аз қоныстанған 26 елді мекен бар. Ендігі кезекте алдымызға Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы елді мекендерді 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамту міндеті қойылды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды атқарылуда, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Тұрғындарды ауызсумен қамту мәселелеріне орай облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин, «ОДСП Арал» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Серікбай Жәлелұлы, қала, аудан әкімдері баяндама жасады. Мұнан бөлек, орталықтандырылған ауызсуды пайдаланушы нысандарды есепке алу, қызмет сапасы, су ресурстарын үнемді әрі мақсатты пайдалану жолдары талқыланды. Жауапты мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<