Нақты кезеңде облыс халқының 98,9 проценті орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Аймақта 234 елді мекен бар. Сол елді мекендердің 85 проценті «Арал-Сарыбұлақ», «Октябрь», «Жиделі» топтық су құбырлары және ішкі су тарату жүйесі бар скважиналар арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Айта кетейік, 10 мыңға жуық халық 35 ауылдық скважина мен құдықтан су ішіп отыр.
Биыл Қазалы ауданы Жанқожа батыр, Майдакөл елді мекенінде сервистік су желісі, Қармақшы ауданы Төретам кентінде су жүйесінің құрылысы, Байқоңыр қаласының кәріз жүйесін жаңарту, Жаңақорғандағы Төменарық, Сунақ ата, Екпінді ауылдарының су жүйесін жаңарту және кеңейту жұмыстары басталады.
– Арал ауданындағы Абай, Тоқабай және Ақбасты ауылдарын «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына қосу жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Жобаның қаражаты ауқымды болғандықтан құрылысы кезең-кезеңмен іске асады. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданының 27 ауылын ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін 2019 жылдың соңында «Сырдария» топтық су құбыры іске қосылды. Ал «Талап» топтық су құбырының құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов.
Қызылорда қаласының тұрғындарын ауызсумен Қызылжарма және Қызылорда жерасты су кені арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда тәулігіне 77-79 мың текше метр ауызсу 74 ұңғыма арқылы өндірілуде. Жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 95-100 мың текше метрге дейін ұлғаяды.
– Мекемелердің пайдаланған суын қашықтан бақылайтын бағдарламамен жұмыс жасап жатырмыз. «Атлас» деп аталатын жоба мемлекеттік мекемелерге орнатылды. Бұл жүйені заңды тұлғаларға орнату үшін лицензиясы бар мекемелермен келіссөздер жүргізудеміз, – деді «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысы Марат Жәмиев.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<