ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ҚЫРАҒЫЛЫҚ МАҢЫЗДЫ

350

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде аймақта төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытында атқарылған жұмыстар жайлы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетов пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержановтың қатысуымен брифинг өтті.

Облыстық жұмылдыру дайын­­дығы басқармасының бас­шысы атап өткендей,  биыл Сыр­дария өзені ауа райының құбылмалығынан  біршама  қиын­дық тудырды. Алайда, қауіпсіздік шаралары өз нәтижесін берді.

– Сырдария өзені арнасында мұз 26-ақпаннан жүре бастады. Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласы аумақтарынан сеңнің жүруі қалыпты жағдайда өтті. Бірақ, Қармақшы ауданы аумағынан мұз жүру кезеңінде сең кептелісі салдарынан өзен арнасындағы су деңгейі көтеріліп, Қызылтам елді мекені тұсындағы «Жосалы-Жалағаш» тасжолының 500 метр­­дей аумағын басты. Қазалы ау­данында да төтенше жағдай болды. Онда «Шағала» жазғы демалу лагері маңын су басты. Шұғыл шаралардың қабылдануы нәтижесінде елді мекенді су басу қаупі жойылды. Бүгінде мұз жүру толықтай аяқталды. Мұз «Ақлақ» су торабынан өтіп, теңізге түсті. Қазіргі сәтте облыс көлеміне келіп түсіп жатқан су көлемі секундына 160 текше метрді құрайды, – деді С.Сермағанбетов. 

Жиын барысында БАҚ өкіл­деріне облыстық төтенше жағ­дай­лар департаментінің басшысы Омар Бержанов 2018 жылдың І тоқ­санында атқарылған жұмыс қорытындысын баян етті.

Оның айтуынша, ­облыс аума­ғында 14 табиғи және техно­гендік сипаттағы төтенше жағ­дай тіркеліп, өткен жылмен салыс­тырғанда 57,1 процентке өскен. Өрт қауіпсіздігіне орай 232 нысан тексеруден өтіпті. Тексеру барысында 732 тармақты құрайтын өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу деректері анықталған.

– Қазіргі күні департаментте тұрғындар көп жиналатын орындар, 15 сауда үйі мен базарларды, жеке балабақшаларды өртке қарсы жай-күйіне орай жоспардан тыс тексеру жоспарлануда. Олардың ішінде «Жібек жолы» ойын-сауық орталығы, «Мұз айдыны» спорт кешені, «Арай» спорт-сауықтыру кешені бар. Тағы бір айта кететін жайт, аймақта екі айлық сенбіліктің басталғаны белгілі. Осы ретте сенбілікке шығушылар жинаған қоқыстарын кез келген жерге өртемей, өртеген жағдайда оны толық сөндіруді қолға алуы керек. Себебі, сенбілік басталғалы 52 шақырту тіркелді, – деді О.Бержанов.

Брифингте төтенше жағдай­дың алдын алуға байланысты түйт­­кілді мәселелер көтеріліп, БАҚ өкілдері бұл бағыттағы жұ­мыс­тар барысынан хабардар болды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<