Айдананың асқақ арманы

557

0

Айдананың   асқақ арманы Ауылда көпбалалы отбасында өстік. Көзімізді ашқаннан бар тіршілігіміз төрт түлікке байланысты болғандықтан, шаруа жайына да бөтен емеспіз. Кеңес өкіметі  кезінде қой мен түйе жүнінің бағасы шарықтап тұрды. Әр үйде қолдан басқан киіз бен түрлі қолөнер бұйымдары тұратын еді. Қазіргі таңда мұндай заттарды сирек  көресіз. Тіпті, ұлтарақ жасайтын киізді де табу мұң.

Біршама уақыт бұрын базар ішінде кісі қарасы мол шоғыр­ланғанын көріп, бұрылдым. Кезекте тұрғандар қой жүнінен жасалған, сырғытпа салынған аяқкиім саудасын қыздырып жатыр екен. Қарапайым тәсілмен дайындалған осынау аяқкиімдер демде өтіп кетті. Сатушылардың Ақтөбеден келгенін білгенде біз жақта қаншама қой жүнінің текке  рәсуа болып жатқаны есіме оралды.

«Көбек» бекетінің тұрғыны Айдана Дүйсенбаева атты қарындасымыздың  қолға алған кәсібі көкейдегі өкінішімізді аздап болса да  жуып-шайғандай әсер қалдырды. Мамандығы дизайнер Айдана Әділбайқызының толымды тірлігі көпке үлгі болғандай. Саусақтарынан өнері саулаған қарындасымыз түйе жүнінен көрпе, қой жүнінен ою-өрнегі келіскен киіз, текемет басып, тоқыма, жүн шұлық, белдемше, тағы басқа бұйымдар  тоқуды терең меңгерген. Соңғы кезде автокөлік салонына арнап қой жүнінен дайындалған, әсем  шағын  төсе­ніштер жасауды бастап кетті. Шұға, фетр материалдарынан жеңсіз, кәдесый, сөмке, әмиян, балалар аяқкиімін тігіп, ат әбзелдерін  әзірлейді. Өнімдеріне сұраныс та баршылық. Айдана – мемлекет қолдауын сезініп отырған жеке кәсіпкердің бірі.  Мұнан екі жыл бұрын жарты миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантты иеленіп, сол қаржысына екі тігін машинасын сатып алған еді. Тиімді жұмсағанның арқасында пайдасыз емес. Бағындыр­ған белесі де қомақты.

Жанқожа бабамыздың дүниеге келгеніне  240 жыл толуына арналған  мерейтойдағы  гүлдер мерекесінде, «Қолөнер – сырлы өнер» республикалық қолөнер шеберінің көрме жәрмеңкесінде, «Экология – жасыл әлем» байқауында, Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шарада Айдананың бұйымдары көпшіліктің таңдайын қақтырып, жүлде иеленді.

Қой жүнінен жасалған бұ­йымдардың адам ағзасына тигізер пайдасы зор екені анық дәлелденген. Ғалымдардың пайымдауынша, жүннен да­йындалған аяқкиім, жеңсіздер қан айналымын жақсартады. Оған қоса, киіз микробты бо­йына  сіңіріп, түрлі кеселдің тарамауына септігін тигізеді.

Айдана қолөнерді әжесі Мариядан үйреніпті. Есін білгеннен әжесінің  киіз басып, алаша тоқығанын көріп өскен тұ­лымшағы желбіреген кішкентай қыз жылдар өте кәнігі шеберге айналды. Қазіргі таңда оған  анасы Шахар ­Тұрғанбае­ва көмегін көрсетуден тартынған емес.     

Айдана – теміржолшылар әулетінің перзенті. Әкесі Әділбай жуырда өмірден озды. Қайғы қаншама жанына батқанымен жасымады. Анасы Шахар  мен қос бауыры Ерлан мен Төлегеннің  амандығын тілеп, бастаған ісін аяқсыз қал­дыр­мау­ға бекінді. Ал, қайсар жаннан кез келген қиындық сескенері белгілі.

Қазалы ауданы.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<