Қайырлы істің қайырымы

359

0

Қызылордада жабыққанға демеу, тарыққанға тіреу болған, ізгілік пен мейірімділікті азаматтық парызы санайтын жомарт жандар құрмет биігінен көрінді. Оларды қайырымдылық жасаушылар мен меценаттардың ІІІ облыстық форумында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов марапаттады.

Аймақта жыл басынан бері 700-ге жуық қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, 40 мыңнан астам адамға 514,7 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Меценаттарды насихаттау, қолдау бағытында Қазақстан халқы ассамблеясы жүйелі жұмысты жолға қойған. Сөзіміздің дәлелі, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы шеңберінде «20 игі іс», «Тайқазан», «Қайырымды ел» шаралары сәтті өтті. «Қамқор» акциясы аясында ІІ дүниежүзілік соғыс, еңбек және тыл ардагерлеріне көмек көрсетілді. Ұлы дала дәстүрлеріне негізделген «Қайы­рымдылық керуені» жалпыұлттық науқаны халық­тық қолдауға ие болды.

– Арамызда отбасын ғана емес, бір ауылды түлетіп, елдің батасын алып отырған азаматтар баршылық. Мысалы, Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылы Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің, Бесарық ауылы Мұрат Сәрсенбаевтың өлшеусіз еңбектерінің арқасында өркен жайып келеді. Қармақшыдағы III Интернационал ауылы да осылардың қатарына қосылды, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Арыс оқиға­сынан кейін қызылор­далық­тардың қысылтаяң сәтте бір үдеден табылатын адами қасиеттің, ең бастысы, елдіктің, береке мен бір­ліктің белгісін танытқанын жеткізді. Оның ішінде ассамблея белсенділері 1 млн теңгеге жуық қаржылай және материалдық көмек көрсетті.

Бүгінде өңірде еріктілер қозғалысы кең өріс алды. Олар мұқтаж отбасыларға қолғабыс жасаудан бастап баспана салып беру сияқты игі істердің жанынан табылып жүр. Осы ретте Қазалы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қала­сындағы еріктілердің ізгілік­ке толы істері көпке үлгі.

Форум аясында жақсы­лыққа жанашыр, туған елі мен жері алдындағы перзенттік парызына адал бірқатар азамат түрлі номинация бо­йынша марапатталып, облыс әкімінің алғыс хатын иеленді. Олардың қатарында «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев, «Best-service LTD» ЖШС компаниялар тобының директоры Асқар Махамбетов, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма басшысы Чжао Сяомин, «Жаңарған Жаңақорған жас­тары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Арман Мәжитовтер бар.

Назерке Саниязова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<