Айзаданың арманы

675

0

Айзаданың арманы Әйелдің қолынан бәрі келеді. Ол – отбасының ұйытқысы. Жауапты міндеттер атқара алады. Қай салада болмасын қызмет етуге икемді, ұқыпты, епті. Тіпті, бизнестен де береке табады. Бұл сөзімізге кезекті кейіпкер дәлел.

Айзада Асқарбектің негізгі мамандығы – құрылысшы. Мамандық бойынша бірнеше жыл мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген. Алайда, күндердің бір күнінде әпкесі оған «Сурет салуға икемің бар. Ал, суретшіден жақсы бет әрлеуші шығады. Неге екеуміз бірігіп, сұлулық салонын ашпасқа?!» деген ой салыпты. Содан болар, Айзаданың жаңа істі бастауға деген құштарлығы артқан. Мақсатын жүзеге асыру үшін арман қала Алматыға да аттанады. Ол жақта сән әлемінде өзіндік орны қалыптасқан, отандық жұлдыздардың ғана емес, неміс әншісі C.C.Catch-тің жеке визажисті атанған Сандуғаш Бексырғаның шеберлік сабақтарына қатысады. Мол тәжірибе жинақтайды. Осылайша, елге қайта оралып, кәсіптің көзін табуға кіріседі. Айтуынша, бастапқыда әпкесі екеуі небәрі жүз мың теңгемен іс бастаған. Ол нәтиже бермей, барлығына қолды бір сілтегісі келген кездер де болған. Бірақ, алғанынан қайтпайтын кейіпкеріміз мұнымен тоқтап қалмапты. Міне, қазір соның жемісін көріп отыр.

– Косметологияға қатысты арнайы курстардан қалмайтынмын. Бір сөзбен айтқанда, талмай іздендім. Соның нәтижесінде салон ашылды. Күні ертең екі жылдығын атап өтеміз, алдағы уақытта осы ашқан кәсібіміздің ғұмыры ұзақ болса деймін. Мұнда келушілер барлық қызмет түрін жоғары бағалайтын және біздің мамандарға сенетін дәрежеге жеткізгім келеді. Диетология саласына қатысты кеңес беруді де қолға алмақпын. Ол үшін жуырда арнайы мамандардың сертификатын иелендім, – дейді Айзада. 

Әңгіме барысында кәсіпкер салонда қазір 10-ға жуық адамның қызмет көрсететін айтты. Сонымен қатар оны кеңейту туралы ойы барын жасырмады.

– Таныстарымнан облыстық кәсіпкерлер палатасындағы «Аtameken Services» порталының мүмкіндіктері туралы естідім. Маған ерекше ұнағаны – «Несие агрегаторы» бөлімі. Мұнда бизнеске арналған пайдалы әрі тегін қызметтер ұсынылады. Салонды кеңейту үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, ғимарат алмақпын, – дейді кәсіпкер.

Арманы асқақ Айзаданың жоспары әлі де көп. Біз оған қарап, талай белесті бағындырарлық күш-қайратты байқадық. Іштей риза болып, «Адам шын ниеттенсе, қолынан келмейтін дүние жоқ» деген пікірге қосылдық.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<