Аза тұттырған алапат өрт

329

0

Биылғы жаз жақсылығымен келмегендей. Өкінішке қарай, еліміз қаралы күн жариялауға мәжбүр болды. Абай облысында басталған өрт 14 орманшының өмірін жалмады. Әкесінен айырылған бала бар, қара жамылған ана бар. Әр жылы жаз басталғанда әлем елдерінің біразында орман өрті болатыны, оны табиғи апатқа балап жататыны рас. Десек те, бұл жолы төтенше жағдай саласында олқылық бары, ерекше реформа қажет екені аңғарылды.

Оқиға басталғалы не болды, не өзгерді? Қандай сабақ алдық? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты саланың жұмысын қалай бағалады? Осы мәселелердің бәріне зер салып көрейік.

Аза тұттырған алапат өрт

«Айналсоқтың» алдын алмадық

Шыны керек, Қазақстанда орман мен дала өрті табиғи апат ретінде сипат алған. Жыл сайын мыңдаған өрт тіркеледі. Кейде көрші елдердегі өрттің зардабын да шегіп жатамыз. Мәселен, өткен айда Ресейдің жиырмадан астам өңірін ландшафтық алапат өрт жайлады. Салдарынан Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендер іргедегі елден желге ере жеткен көк түтінге тұншықты. Қазақстанның өзінде жалын тілі даланы шала бастады. Бір қызығы, Төтенше жағдайлар министрлігі сол кезде-ақ тіпті қалалардың да өрттен қорғалмағанын ескертіп, дабыл қақты. Олқылықты түзету үшін талапты күшейту жұмыстары қолға алынғанын хабарлады, яғни, жауапты министрлік қауіптің барын білген. Білмейтіндей жөні де жоқ еді, себебі өткен жыл елімізге ауыр болды, тек ормандардың өзінде 801 өрт болып, 104 мың гектар орманнан айырылып қалдық. Экологияға зиянды қоспаған күнде де тікелей материалдық залал 20 миллиард теңгеден асты. Мысалы, былтырғы қыркүйекте Қостанай облысындағы Басаман және Семиозерный орман шаруашылығының аумағында болған ірі өрт салдарынан бір адам қаза тапты, 91 үй жанып кетті. Тек сол өрттен келген шығын 18 млрд теңгеден асты, өрт шалған аумақ 39 мың гектардан асты немесе орман шаруашылығы аумағының үштен бірін құрады.

«Қазгидромет» те ауа қызуы +25ºС көтерілгенде өрт қаупі туындайтынын, ал Оңтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстанда алда температураның +30ºС дейін жоғарлайтынын ескертті. Бұл ормандардың отқа орану қаупін едәуір арттыратын еді. Жыл басынан бергі 5 айда 122 орман өрті тіркелгені – соның дәлелі. Ол өрттің жалпы ауданы 19 мың гектардан асып жығылды. Тіпті, Іле-Алатау табиғи паркінің тау бөктеріндегі, Медеудегі өртті сөндірем деп жүріп бір қызметкер қаза тапқан болатын. Бұл соңы емес екен.

Аза тұттырған алапат өрт

Саладағылардың солқылдақтығы

Өз алдына бөлек құрылым саналатын Төтенше жағдай министрлігі көктем басталғалы өрт қаупін ескертіп, дабыл қағумен әуре болғанын айттық. Біз төтеншеліктерді мақтай да, даттай да алмаймыз. Тек ведомство қолға алдық деген іс-шаралардың түгелі дерлік оқу-жаттығу һәм ескерту түрінде болғаны қынжылтады. Мүмкін іске кірісуге кедергі болған жайттар бар шығар? Мысалы, көктемде министрлік өңірлерде профилактикалық іс-шараларды іске асыруға кіріскенін мәлімдеді. Өртке қарсы қызмет мамандары шаруа қожалықтарын аралауды бастағанын, құрғақ шөптің ортасында отырған фермерлерге өрттен қалай қорғануды түсіндіріп, нұсқама-инструктаж өткізіп жүргендерін жария етті. Бұған қоса, ұлттық парктер мен табиғи қорықтарға тексеру жүргізіп, өрт сөндіру құралдарын түгендеу, алдын алу шараларын түсіндіру қолға алынғанын хабарлады. Әйтсе де аздық ететіні көрініп тұр.

Тағы бір кемшін тұс – ғарышта ел қаржысынан көп шығын шығарылған отандық төрт жерсерік ұшып жүр, құзырлы органдар солар арқылы жерге көз салып, жаңа басталған өрт ошақтарын тез анықтап, ушықтыруға жеткізбей отыруға тиіс еді. Алайда оны кеш ойлағандай. Ғарыштық мониторингті қамтамасыз ету үшін барлық өңір «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясымен енді ғана шарттар жасаған. Ал «тілсіз жау» көршіден шабуыл жасамауы, өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау үшін Ресей және Қырғыз Республикасының төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелерімен шекара маңы аумақтарында 10 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізу жоспарланыпты.

Осыған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,9 млн гектар ғана екенін, оның небәрі 25,2 пайызы министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарауында екенін жеткізген. Қалған 73,7 пайызы әкімдіктерге жүктелген екен. Ал әкімдіктерде үнемі бюджет тапшы. Демек, ормандарымыз екі ортада қорғансыз тұр. Төтенше жағдайлар министрлігі осы жайттардың бәрін алдын ала тізбектеп, кем-кетігін түзеуге күш салуы қажет еді.

Аза тұттырған алапат өрт

Президент пәрмені – парықсыздықты жою үшін

Сонымен, Семей орманындағы өрт бой бермей, адам өмірін жалмады. Қаншама қызметкер мен техникалық күш күресіп бақты. 1500 адам, 300-ге жуық техника жұмылдырылды. Соған қарамастан өрттің түтіні Жетісу облысына дейін жетті. Маңайындағы ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. Шарасыздығы үшін Юрий Ильин төтенше жағдайлар министрі лауазымынан босатылды.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өртте қаза тапқандардың отбасына көңіл айту үшін Абай облысына ұшып барған болатын.

«Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден,  жан-жақты көмек көрсетіледі. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады.  Мұны ақтайтын ешқандай  себеп жоқ. Тағы да айтамын.  Моральдық және материалдық көмек көрсетіледі», – деді Президент.

Міне, осыдан соң Мемлекет басшысы жауапты тұлғалардың жөнсіздігін сынап, ашық айтты. Президенттің сөзінше, министрлік апаттың ауқымы бойынша әуелде қате болжам жасаған. Олардың бәрі осы үшін жазаланбақ. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізіп, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады. Кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Абай облысында болған төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ адам «Құрмет» орденімен марапатталды.

Түйін: 14 адамның қазасы кімге болса да ауыр тигені анық. Қазір тиісті министрліктер қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысып, депутаттар жағы мамандардың жауапсыздығын сынауда. Бәрі де жөнді, дегенмен алда мұндай оқиғаның қайталанбасына кепіл бере аламыз ба? Салдарынан бұрын себебін ойлайтын төтеншеліктерді жасақтау үшін міндетті түрде салада реформаның қажет екені анық.

Мадияр ТӨЛЕУ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<