Аза жыр

412

0

Фото: ашық дереккөз

(Болат Омарәлі қазасына)

Көне жұрттан қалған мән,
Кемелдіктің дүр еді.
Ем таппаған жалғаннан,
Ерің өлді, Сыр елі!
Кеуде тұсым дір етіп,
Демі өршіп тұр өкпенің.
Жаназада жыр оқып,
Ақын болам деп пе едім.
Бүгін тағы аза күн,
Бұл не деген басқа күн.
Қазанама қағазын,
Қарс айырып тастадым.
Келе алмаймын келеме,
Үрке шығып үн бойдан.
Дүре соғып денеме,
Көзімдегі сынды айнам.
Дариядан үгіліп,
Жар құлаған секілді.
Қара тасқа сүрініп,
Нар құлаған секілді.
Көтерілді нұр көкке,
Кеуде толы кісілік.
Өзін өзін суретке,
"Сырт" еткізіп түсіріп.
Өмір, маған мін тақпа,
Жеп тауысар ой мені.
Жеткізейін ұрпаққа,
Бұл өлмейтін бейнені.
Сыйым сол ма сұраған,
Бір сауап пен бір обал.
Ертең қайта жұбанам,
Бүгін бірақ жылап ал…

Қош болыңыз, Болат аға!
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, жаныңыз жәннатта болсын!

Дүйсенбек Аяшұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<