Жаңа оқу жылы қарсаңында Әйтеке би кентінде жаңадан салынып, пайдалануға берілген 300 орындық мектеп жұртшылықты қуанышқа бөледі. Айта кетерлігі, бұл осында орналасқан тұрғындардың көптен күткен игілігі болатын.
Жаңадан салынған №276 орта мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, мәслихат депутаттары, ардагерлер мен ұстаздар, тұрғындар қатысты. Рәсімде сөз алған Серік Салауатұлы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың құттықтауын жеткізіп, аймақ басшысының жаңа мектепке сыйлығы – интерактивті тақтаны салтанатты түрде табыстады.
Мұнан соң білім ордасын аралап шыққан шараға қатысушылар спорт залында ұйымдастырылған гандболшылар командасының ойынын бастап берді. Жаңадан ел игілігіне берілген мектеп соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтылған. Қос қабатты, бірнеше блоктан тұратын ғимаратта оқу сыныптары, спорт залы, кітапхана, мәжіліс залы, асхана, медициналық кабинет, әкімшілік және мұғалімдер бөлмесі, тағы басқа кабинеттер бар. Барынша жағдай жасалынған мектеп оқушылар мен ұстаздар үшін, ата-аналар үшін нағыз шаттық пен білім мекеніне айналары сөзсіз.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<