Қазіргі қоғамда белең алып жатқан мәселенің бірі – азаматтық неке. Азаматтық неке ұғымын заңда кездестіре алмаймыз. Бірақ көптеген азаматтарымыз ортақ шаруашылық жүргізіп, бірге тұрғанымен, заңды некеде емес.
Азаматтық неке ең бірінше кезекте кәмелетке толмаған балалардың құқығын бұзады. Мұндай некеден туылған баланың әкелігі анықталуы талап етеді. Яғни, азаматтық некеде туылған баланың әкесіне қатысты бөлігінде әкелігі анықталмайынша қандай да бір құқықтық әрекет жасауға (алимент алуға, басқа да әкесінің мүліктеріне, мұрагер болуына) тосқауыл болады. Ал әкелікті анықтау азаматтық хал актілерін тіркейтін органмен немесе сотпен жүзеге асырылады.
Осыған орай, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған азаматтық істердің біріне тоқталсақ.
Соттан кәмелетке толмаған баласына қатысты әкелігін анықтауды сұраған талап қоюда талап қоюшы Г. жауапкер М.-мен 2017 жылдан бастап бірге азаматтық некеде тұрған. Араларында 2021 жылы бала дүниеге келген. Талап қоюға сәйкес жауапкер әкелігін мойындаудан бас тартқан.
Сотта жауапкер талапты мойындамай, әкелікті анықтауға сараптама тағайындауды сұрады.
Іс бойынша тағайындалған сараптама қорытындысы бойынша, жауапкер М. әкесі екендігі дәлелденді.
Осыған сәйкес, талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырылып, кәмелетке толмаған баласына қатысты алимент төлеуге міндеттеліп, сонымен қатар мемлекеттік баж бен сараптамаға кеткен шығын жауапкерден өндірілді.
Шешім заңды күшіне енген.
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<