Азаматтық қоғамды дамыту маңызды

518

0

Халықаралық Үкіметтік емес ұйымдар күніне орай  Студенттер сарайында «Азаматтық қоғамды дамытудағы жаңа көзқарас пен қажеттіліктер» тақырыбы сұхбат алаңына шықты. Онда мемлекеттік орган мен қоғамдық ұйым өкілдері азаматтық қоғамды дамытудағы жаңа көзқарас пен қажеттіліктерді, заманауи бағытта өзара серіктестікті арттыруға қатысты мәселелер қозғалды. Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов қатысып, ҮЕҰ өкілдерін төл мерекемен құттықтады.

– Белсенді және ықпалды азаматтық қоғам – мемлекет дамуының негізі. Бұл орайда бұқара мен билік арасындағы диалогты қалыптастыруда үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын рөлі ерекше. Аймағымызда ҮЕҰ-ның іргелі істері мен тың бастамаларын мемлекеттік қолдаудың нәтижесі оң өзгерістерге жол ашуда. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында ҮЕҰ саны облыста небәрі 15-ке жетпейтін болса, бүгінгі таңда 1200-ге жуықтады. Оның ішінде 454-і өңірдің рухани қоғамдық дамуына белсене араласып, өз үлесін қосып келеді, – деді.

Басқосуда «Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» Заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден алдағы міндеттерге тоқталды. Ол өткізілген шаралардың маңыздыларын сараптай келе, азаматтық қоғамды дамытудағы жаңа көзқарастар мен қажеттіліктерді атап айтты.

– Бүгінгі күні азаматтық қоғамның билік органдарымен диалогының жаңа механизмін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Өкінішке қарай, осы кезге дейін азаматтық қоғамның дамуы туралы бірде-бір шынайы баяндама немесе анализ болған жоқ. Қолданыстағы мәліметтер базасы ҮЕҰ секторындағы жағдайды дұрыс талдай алмайды. Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының бес міндетіне сүйене отырып, біз, ең алдымен, ҮЕҰ мен мемлекет арасындағы сенімге негізделген тату азаматтық қоғамды құрғымыз келеді. Осы ретте, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастық өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қою қажеттігі туындап отыр. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселесін нақты қолға алу қажет. Ол үшін дайын жобаларымыз да бар. Бұл жобалар жұмыс жасаса, үкіметтік емес ұйымдардың 100-ге жуық мақсатты топтары жұмыспен қамтылмақ, – деді А.Ізден.

Мұнан кейін сұхбат алаңына шыққан спикерлер мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігі, әлеуметтік жобалардың әлеуеті, халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау, азаматтық сектордағы көшбасшылық және этика тақырыптарында ойларын ортаға салды. Шара соңында азаматтық қоғамды дамытуға елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қоғамдық ұйым жетекшілері салалық министрліктердің және Қазақстан Азаматтық Альянсы президенті Бану Нұрғазиеваның Алғыс хатымен марапатталды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»