Азаматтық қоғамды дамытуда айқын басымдықтар қажет

725

0

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарованың қатысуымен «Азаматттық қоғамды дамыту – басым бағыттардың бірі» тақырыбында облыстағы азаматтық қоғам өкілдерінің кездесуі өтті.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова жиынның тақырыбына сәйкес талқыланатын мәселелер төңірегінде қысқаша  баяндады.

Жиында сөз алған сенатор Ақмарал Әлназарова қоғамдағы әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда үкіметтік емес ұйымдардың ықпалын арттырудың маңызды екенін атап өтті.

– Әлеуметтік кәсіпкерлікті көтерудің алғашқы қадамдары жасалды. Бұл жөнінде заңның қабылданғанына жарты жылдай уақыт болды. Осы заңның әрі қарай жұмыс істеп кетуіне бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар мүдделі болуы тиіс. Әрине, бастапқыда көп қаражат болмаса да, жалпы әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға байланысты заңға өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар, бүгінгі сұхбат алаңында өздеріңіз тарапынан айтылған ұсыныс-пікілер де ескерусіз қалмайды, уақыты келгенде қажетті шешімдер қабылданатын болады,– деді А.Әлназарова.

Сұхбат алаңында модератор, «Самұрық инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры директоры, «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов, «Қызылорда  облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы ассоциациясы» ЗТБ-ның  төрайымы, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Анар Ізден ойларын ортаға салды. Олардың айтуынша, жиын барысында екі мәселеге байланысты талқыланатын сауалдар бар, сонымен қатар, оны шешуге байланысты құзырлы орындарға арнайы ұсыныстар жолданады.

Дәлірек айтсақ, Қазақстан Республикасында  азаматтық қоғамды дамытудың  тұжырымдамасын жетілдіру механизмдері, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру мониторингі және әлеуметтік тапсырыстың нәтижелерін бағалау қағидаларының жүзеге асырылу барысы жайлы сөз қозғалып, ҮЕҰ қатысты осыған дейінгі қабылданған кейбір заң тармақтарына тиісті өзгертулер енгізу жөнінде ҮЕҰ жеткешілерін толғандырып отырған мәселелер айтылды.

«Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы,  Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы ассоциациясы» ЗТБ-ның Арал ауданы бойынша өкілі Айнакүл Баймаханова, «Ұлт бірлігі – Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қызылорда  облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы ассоциациясы» ЗТБ-ның Қармақшы ауданы бойынша өкілі Шегебай Құндақбаев, «Өркениетті өлке» қоғамдық қорының төрағасы,  Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы ассоциациясы» ЗТБ-ның Жаңақорған ауданы бойынша өкілі Нұрхан Айдаров,  «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Зейнар Тәжиева жоғарыда аталған мәселеге байланысты ойларын ортаға салды.

ҮЕҰ жетекшілерінің айтуынша, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру қағидатында жергілікті ҮЕҰ-лардың бастамаларын қолдай отырып, олардың тәжірибесін жетілдіруге  көңіл бөлудің тиімділігі зор. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар өзекті мәселелерін талқылауға арнайы уақыт бөліп, ұсыныстарын назарға алған сенатор А.Әлназароваға алғыс білдірді.

Айта кетейік, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыста қоғамдық ұйымдар саны 15 болса, бүгінде олардың қатары 1200-ге жуықтаған.

Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғам құрылымдарына қаржылай қолдау көрсету көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, 2021 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 17 бағыт бойынша 125 жобаға 1 млрд 96 млн теңге қаржы бөлінсе, 2022 жылға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 110 жобаға 712 млн 51 мың теңге қаржы қаралған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобалар салалық принцип негізінде 15 бағытты қамтып, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 460 адамға жұмыс табу жоспарланған. Оның ішінде, облыстық қоғамдық даму басқармасы арқылы 12 жобаға 205 млн 955 мың теңге қаржы бөлінген.

Биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Азаматтық қоғам секторын қолдау мақсатында Қызылорда қала тарихы музейі ғимаратында үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығы ашылып, атаған ұйымдардың сан салалы бағытта жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасалған.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»