Азаматын ардақтаған ақжарлықтар

745

0

Тіршілікте жасаған ісі, қалған ізі өшпейтін, уақыт өткен сайын жаңғырып отыратын жандар бар. Олардың өнегесі көзкөргендердің айтуымен кейінгіге жетеді, ұрпақ жадына орнығады. Еңбектің қадірін ұғыну, елдің бірлігін ту ету туралы айтылғанда, халықты жақсы іске жұмылдырған адамдардың тағылым аларлық жолына үңілеміз.

Жарылқасын Байсалов Қармақшы ауданындағы «Ақжар» ауылының тізгінін қолына алған шақ қоғамның бір формациядан екіншісіне ауысқан аласапыран кезең еді. Жоспарлы экономиканың жылдар бойы қалыптасқан жүлгелі жүйесі ыдыраған, нарықтық экономиканың не екенін ешкім түсінбейтін уақыт. Осындай қысылтаяң сәтте Саратов ауыл шаруашылығы институтының түлегі, сол кездегі Шымкент облысы Сайрам аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Шымкент облыстық тәжірибе станциясы директорының орынбасары болған Ж.Байсалов туған ауылына оралды.

Тәжірибесі толысқан, ұйымдастыру қабілеті кемеліне келген маман біз қазір айтып жүрген ауыл шаруашылығын әртараптандыруды, кәсіпкерлікті, ауылдағы шағын өндірісті дамытуды сол тоқсаныншы жылдардың өзінде-ақ қолға алды. Ауылда 800 бас сиырға арналған кешен тұрғызды, Израильден сүт өнімдерін өңдейтін цех әкелді. Бұл цехта 11 түрлі сүт өнімі шығарылды. Ұн диірменінен шығатын өнім сол қиын шақта тек ақжарлықтарды ғана емес, көрші ауылдарды да асырады. Ауыл шаруашылығы техникаларына арналған шеберхана, монша, өсімдік майы цехын ашты, оған қажетті шикізатты егуге арнайы жер бөлді. «Ақжардың» маңайындағы көлде қаз-үйрек бағып, құс шаруашылығын дамытты. Бұдан басқа да игілікті істерді үйлестіріп, сан саланы қамтыған қыруар тірлік атқарды.

Білікті, іскер басшының  жасаған істерін «Ақжар» ауылының жұртшылығы ұмытпай әлі күнге дейін үлгі етіп айтып отырады. Биыл Қармақшы ауданының 95 жылдығы  Жарылқасын Байсаловтың 80 жылдығымен  тұспа-тұс келіп, ауыл әкімі Нұржамал Тұрсынбаева бастаған ақжарлықтар ардақты азаматты еске алуға арналған игі бастаманы іліп әкетті. Егін-терім бітіп, диқан қауымның қолы босаған кезге «Өнегелі ісі өшпес естен» атты іс-шара ұйымдастыруды жоспарлады.

Өткен аптада Қармақшы ауданының 95 жылдығы мен нарықтық экономикаға негізделген технологияларды өз ауылына тұңғыш енгізген жаңашыл басшы Жарылқасын Байсаловтың 80 жылдығы аталып өтті. Алыс-жақыннан ағайын-туыс жиналды, туған ауылды сағынып жүрген түлектер де осы күні «Ақжардан» табылды. Алдымен шағын футбол турнирі, қазақша күрестен палуандар белдесуінің көрігі қызды. Спорттық сайыстар ауыл ипподромында тақымы тастай жігіттердің сынағы көкпар тартумен жалғасты. Жазба ақындар еңбек адамды ер атандыратынын жырға қосты. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюссерлік орталығы өнерпаздарының концерті жұртшылықтың мерекелік көңіл-күйін асқақтатты.

Ардақты азаматқа арналып берілген астан кейінгіге қалатын тағылым, өнеге не болмақ? Ұйымдастырушылар осыған ерекше мән берді. Сөйтіп ауыл саябағына Жарылқасын Байсаловтың бюсті қойылды. Оның ашылу салтанатына жиналған қонақтар туған жердің төсіне қонған белгінің ашылуымен құттықтап, жақсы тілектерін жаудырды.

Ас-тойдың сәні сөз сайысы, ақындар бәсекесі емес пе? Осы күні ақындар  Ержеңіс Әбді, Айдос Рахметов,  Көптілеу Қосбармақов, Бексұлтан Орынбасар, Ерасыл Бәйментай, Сырым Әділбеков ел бірлігін, ынтымақ пен татулықты жырлады. Жарылқасын Байсаловтың атқарған істерін ел жадында жаңғыртты. Қазақ айтысының ерен жүйріктері Мұхтар Ниязов пен Нұрмат Мансұр да айтысқа жиналған ағайынның алдында өнер көрсетіп, жырдан шашу шашты.

Сәрсенбай жырау Бөртебайұлы атындағы ауылдық клубқа келген тұрғындарды аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов құттықтап, ардагерлерді, ауыл еңбеккерлерін марапаттады, Ж.Байсаловтың жары Ұлжан апайға құрмет көрсетті. Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев, ауыл әкімі Нұржамал Тұрсынбаева құттықтау лебіздерін білдірді, көзкөргендер естелік айтты. Соңында ас беріліп, Құран бағышталды. Ат бәйгесінде аламанға қосылған жүйріктерге арнайы жүлделер берілді.

Ас тарқаған соң, әрине, оның қалай ұйымдастырылғаны, қалай өткені туралы талқылау болатыны заңдылық. Алдымен Қармақшы ауданы әкімдігіне, ауыл басшылығына осы ас туралы бастама көтеріп, тұрғындарды қолдап, ағайынның бірлігімен бітетін іске жанашырлық танытқаны, демеу болғаны үшін алғыс білдіреміз. Істің көзін тауып, үйлестірген бір басшыға мың қосшы табылған соң, тағылымды іс-шара ойдағыдай өтті.

Қазақта «бір кісі жаққан отқа мың кісі жылынады» деген сөз бар. Жарылқасын ағамыз осы нақылда айтылғандай, өзі бастамашы болған істердің айналасына талай азаматты топтастырып, білімі мен білігін ел игілігіне жұмсаған жан еді. Оның туған ауылында өткен іс-шаралар ардақты аға еңбегіне көрсетілген құрмет пен берілген баға іспетті.

Дінмұханмед БАЙНАЗАРОВ,

№28 орта мектептің тарих пәні мұғалімі.

Қармақшы ауданы,

«Ақжар» ауылы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<