Қазақстанның қолданыстағы Қылмыстық кодексіне 2011 жылы 141-1-бап енгізіліп, азаптау алғаш рет арнайы норма ретінде бекітілді. 2014 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық кодексте азаптау 146-бабы ретінде айқындалып, кейін осы бапқа өзгерістер енгізілді. Бүгінде бұл бап «Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар» деп аталады және оны қолданған лауазымды тұлғаларға қатысты бас бостандығынан айыру жазасы төрт жылдан он екі жылға дейін қарастырылған.
2019 жылдан азаптау жасаған кінәлі тұлғаларға Қылмыстық кодекстің 65-бабында «Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату», 68-бабында «Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату», 71-бабында «Ескіру мерзімінің өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату», 78-бабында «Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату» қарастырылған нормалары бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатуға және шартты жаза қолдануға тыйым салынды. Сонымен қатар нақты бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Елімізде 1998 жылдан бері азаптауға қарсы күрес мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп, олардың себептері мен салдары терең зерделенуде.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында азаптау ортағасырлық жабайы құбылыс екені атап өтіліп, оған қарсы күреске ерекше мән беру қажеттігі айтылды. Мемлекет басшысы азаптаусыз қоғам қалыптастыру саясатын ұстанатынын мәлімдеді. Бүгінде бұл бағытқа жауапты нақты орган жоқ. Мұндай тәжірибе белгілі бір тәуекелдерге толы. Сондықтан бұл функцияларды Бас прокуратураға бекітуді ұсынатынын атап өтті. Осылайша, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаптау істерін тергеу прокуратура органдарына жүктелді.
Бас прокуратура азаптауларды тергеудің тиімді құралы ретінде, Стамбул хаттамасы негізінде «Прокуратура органдарында азаптау істері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы» нұсқаулық пен іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Азаптауды болдырмау үшін қылмыстық қудалау органдары бірлескен бұйрықтар қабылдады. Оған сәйкес, тұлғаны жеткізу, ұстау, жеке тінту және медициналық куәландыру кезінде міндетті түрде бейнежетон қолдану тәртібі бекітілді. Сонымен қатар жедел қызметкердің жеткізілген тұлғамен тергеушінің рұқсатынсыз байланысқа түсуіне тыйым салынды.
Қызылорда облысының прокуратурасы азаптау қылмыстарын әшкерелеу және кінәлілерді әділ жазаға тарту бойынша тұрақты сот-тергеу тәжірибесін қалыптастырғанын да атап өткен жөн. Мысалы, 2013 жылы Шиелі аудандық полиция бөлімінде жасамаған ұрлықты мойындату үшін аудан тұрғынын азаптаған полиция қызметкерлерінің әрекетін арнайы прокурор тергеу нәтижесінде ашып, сотқа берілді. Бұл іс бойынша үш қызметкер 3-6 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды.
2015 жылы Қызылорда қалалық полиция басқармасында қала тұрғынына өзі жасамаған қылмысты азаптап мойындатқан жедел уәкілдер сот арқылы жазаланды. Психикалық азаптау фактілері сараптама қорытындысымен дәлелденді. Сот үкімімен 3 жедел уәкіл 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар 2019 жылы Арал аудандық полиция бөлімінде мал ұрлығын мойындатпақ болған жедел уәкілдер сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Өкінішке қарай, азаптау деректері тыйылмай тұр. 2023 жылы облыста 4 азаптау фактісі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізілсе, биылғы бірінші тоқсанда тағы 5 факті тіркелген. Бұл көрсеткіштер тергеу шараларының жетілдірілмегенін және азаптауға қарсы алдын алу шараларының жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Прокуратура сауалнамасына қатысқан 8 мыңнан астам құқық қорғау органы қызметкері азаптаудың басты себептері ретінде ведомстволық көрсеткіштерді қуалауды (32%) және тергеу әрекеттері мен жедел іздестіру шараларының санкциялану процедурасының күрделілігін (31%) атады. Азаптаудың басты мақсаты ретінде мойындаған жауаптарды алу (55%) және мекемедегі тәртіпке бағынбағаны үшін жазалау (28%) көрсетілді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің төмендігі мен бейнебақылаудың болмауы азаптауды жасау шарттары ретінде аталды. Сонымен қатар жазаның бұлтартпастығы мен қатаңдығы (49%) және басшының қызметінен босатылуы (22%) азаптаудың тоқтатылуына ықпал ететін факторлар ретінде қарастырылды.
Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау академиясы алғаш рет азаптауға қарсы іс-қимыл мәселелерін қылмыстық-құқықтық тұрғыдан емес, олардың алдын алудың ұйымдастырушылық және кадрлық аспектілерін зерттеді. Бұл зерттеу нәтижесінде азаптау субъектісінің криминогендік портреті жасалды. Әдетте бұл – 30 жастағы ер адам, үйленген, орта немесе жоғары білімі бар, полицияда қызмет етіп жүрген кіші офицерлік шендегі қызметкер. Оның қылмыс жасаған кездегі орташа еңбек өтілі шамамен 10 жылды құрайды.
Биыл Қызылорда облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Азаптаудың алдын алудың өзекті мәселелері» тақырыбында кеңейтілген форум өткізілді. Форумға құқық қорғау және арнайы орган басшылары, судьялар, адвокаттар мен кәсіби сарапшылар қатысып, мәселелерді шешудің тиімді жолдарын талқылады.
Адамдарды азаптауға қарсы іс-қимылда прокурордың рөлі айқын. Прокуратура азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуына қамқорлықтың бірден-бір кепілі екені сөзсіз.
Ризабек ОЖАРОВ,
Қызылорда облысының прокуроры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<