Қазақстандық спортшылар III Дүниежүзілік Көшпенділер ойынына аттанды

343

0

Бүгін Тараз қаласының «Тараз-Арена» спорт кешенінде қазақстандық спортшыларды III Дүниежүзілік Көшпенділер ойынына шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Шараға Спорт және дене шынықтыру істері комитет төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, Жамбыл облысы спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жаһит Марат, сонымен қатар, елімізге белгілі спортшы Ақжүрек Таңатаров келді.

Бекболат Байжанов өз сөзінде спортшылардың аталған жарыстарға дайындығы туралы айтып берді.

«Біздің ұлттық құрама көшпенділер ойынына жақсы дайындық жұмыстарын жүргізді. Оқу жаттығу жиындарын өткізіп, бүгінде барлық жаттығуларды аяқтады. Ойынға сақадай сай. Өз кезегінде, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спортшыларға жан-жақты қолдау білдіріп жатыр. Енді, бар үміт спортшыларда», – деді комитет төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов.

Сонымен қатар, шығарып салу соңында Ақжүрек Таңатаров Қазақстан Республикасының туын ресми түрде көшпенділер ойынына ту ұстап баратын Азияның аударыспақтан үш дүркін чемпионы Сырым Ізбасаровқа табыстады.

«Барлық спортшылардың атынан, III Көшпенділер ойынының ережелерін сақтай отырып, барлық спорттық әлеуетімізді көрсетуге, еліміздің туын көкте желбіретуге ант етемін», – деді Ізбасаров.

Өз кезегінде, Жамбыл облысы спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков пен КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жаһит Марат жігіттерге ойында сәттілік пен табыс тіледі.

Атап өтсек, ІІІ Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны 2-8 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өтеді. Спорттық сайыстар ұлттық спорт түрінің 37 түрі бойынша өтеді. Оған әлемнің 80 мемлекетінен 3000 спортшы қатысады деп күтілуде.

Еліміздің Ұлттық құрамасы атынан 200-ден астам спортшы барады. Олар ұлттық спорт түрлерінің 30 түрінде сынға түседі.

 Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<