Азаттықтың айшықты көрінісі

595

0

Өзге елмен иық тіресіп, бәсекеге қабілеттілік артқан заманда рухани төлқұжатыңның болғанынан артық бақыт бар ма?! «Алаш туы астында», «Бөрілі байрақ» тіркестерінің қолданыста жүргеніне ғасырлар куә. Ал тәуелсіздік жылнамасында «Көк тәңірдің сыйы – Көк ту», «Елдіктің нышаны – Елтаңба», «Әлемге танытар Әнұран» сөздері рухтандырап келеді. Расымен рәміздерді сөз еткенде «ұлттық» сөзі ойға оралады. Ұлттық код, ұлттық болмыс, ұлттық сана… Қай рәмізді алсақ та, ұлттық нақыш менмұндалап тұрады. Сондықтан да Рәміздер күнінің еліміз үшін мерейі үстем.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Мемлекеттік рәміздері күні Қызылордадағы Рәміздер алаңында өткен салтанатты іс-шараға қатысып, сырбойылықтарды мерекемен құттықтады.

Мерекелік салтанат Әнұранмен басталды.

Аймақ басшысы кез келген елдің мемлекеттік мәртебесін айқындайтын басты құндылықтары – шекарасы, астанасы және Мемлекеттік рәміздері екенін айтты.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Өйткені, бұл – бабаларымыздың орындалған арманы», – деген болатын. Еліміздің басты құндылықтарын құрметтеу – бәріміздің перзенттік парызымыз. Рәміздерімізді елдігіміздің ұраны, патриоттығымыздың бастауы, Отанымыздың мақтаныш символы ретінде танытуымыз қажет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Көк ту желбіреген күні алаңға келген көпшіліктің де қарасы қалың болды. Патриоттық іс-шара аясында Отан, атамекен, туған жер туралы әндер шырқалды.

Мемлекеттік Ту көтерген 15-тен астам жеңіл көлік пен 10 мотошабандоздың авто және мотошеруі жиынға ерекше сән келтірді.

Сыр өңірінде ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай 100-ге жуық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған болатын. «Жас Ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымының және «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелері арнайы сапта жүрді. Сонымен қатар Байқоңыр қаласында жалпыхалықтық патриоттық шаралар өткізілсе, барлық аудандарда Елтаңба авторы, сырбойылық Жандарбек Мәлібековтің еңбектері насихатталды. Мемлекеттік Ту авторы, суретші Шәкен Ниязбековтің 85 жылдығына арналған шаралар, патриоттық акциялар, көрмелер мен танымдық сағаттар да өткізіліп, еліміздің айбары болған рәміздердің құндылығы арта түсті.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<