Азаттықтың алтын қазығы қағылған күн

531

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі. Қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті. Еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алатынына назар аударып, өмір болған соң түрлі қиындық та кездесетініне тоқталды.

Президенттің айтуынша, ауқымды саяси жаңғырулар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалды. Конституциялық реформаны іске асыру нәтижесінде биліктің негізгі институттары қайта құрылымдалып, орнықты саяси жүйе қалыптасты. Бұл саяси жүйенің негізі – ашықтық пен әділдік, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік. Ең бастысы, халыққа қызмет ету қағидасы қамтылған. Мемлекет басшысы осындай құндылықтар негізінде біздің қоғамдық-саяси өмірімізде іргелі өзгерістер болып жатқанын айтты.

– Жақында өткен Атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті. «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидаты – мемлекеттік саясатымыздың негізі. Жалпы, энергия тапшылығының артуы – еліміз үшін өте өзекті проблеманың бірі. Оны дер кезінде шешпесе, экономикамыздың дамуына кедергі келтіріп, азаматтардың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына сәйкес ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Елдің көлік, энергетика және индустрия жүйесі қайта құрылып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылдың өзінде ұзындығы 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатқанын еске салды. Әсіресе, аймақтардағы жолды жақсартуға баса назар аударылып отыр. Оның айтуынша, Батыс Қазақстанда сонау Кеңес заманынан бері қараусыз қалған жолдар бар. «Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы» бағытындағы жол биыл толық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар әуе қатынасын дамыту бағытында нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жақында Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар ашылады.

Президент экономиканы әртараптандыру үшін қабылданып жатқан жан-жақты шаралар туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, биылғы 8 айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқан. Оның үштен бірі – күрделі технологиямен өңделген өнімдер. Қазір 17 серпінді, яғни озық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығының даму қарқынына тоқталды.

– Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды сала. Қазақстан әлемдік азық-түлік нарығындағы рөлін күшейте береді. Қазір күзгі жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Диқандар қауымына шынайы ризашылық білдіремін. Көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жиналды. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмек те септігін тигізгені анық. Биыл көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемі үш есе көбейді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы алуға қосымша қаражат бөлінді. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінде 865 жоба жүзеге асырылмақ. Оның құны – 2,6 триллион теңге, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміздегі кәсіпкерлік саласының өркендеу жолына түскенін, шағын және орта бизнес халықтың экономикадағы белсенді бөлігін жұмыспен қамтып отырғанын атап өтті. Елдің іскерлік ахуалы мен инвестициялық тартымдылығын одан әрі жақсарту мақсатында мамыр айында Экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлыққа қол қойғанын жеткізді.

Осы орайда Үкімет пен әкімдердің тікелей міндеті – бизнес-қауымдастыққа жан-жақты қолдау көрсету, кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас жасау екенін айтты. Елімізде басымдық беріліп отырған әлеуметтік салаларға тоқталды. Ғылымы және техникасы дамыған елдердің әлем көшін бастап тұрғанын тілге тиек етіп, осы үдерістен қалмау үшін технократ ұлт болуымыз қажет екенін алға тартты.

– Бұл – уақыт талабы. Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отырмыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырысты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық. Мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Елімізде шетелдің беделді жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Білім-ғылымның сапасын жақсартуға қатысты басқа да шаралар қолға алынды. Жақында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті озық ұлт болуымыз үшін өте маңызды деп ойлаймын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өзінің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы басталғанын, бұл халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге арналған жалпыұлттық жоба екенін атап өтті.

Елдің ішкі жағдайы мен азаматтардың әл-ауқатына мемлекеттің сыртқы саясаты тікелей әсер етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл салаға да ерекше мән берді.

Бейбітшілік пен дамудың түп негізі отбасындағы тәрбиеден, көшедегі тазалықтан, қоғамдағы бірліктен бастау алатынына назар аударып, неліктен Заң мен Тәртіп үстемдігі туралы ұдайы айтатынын түсіндірді.

– Бұл – біздің байыппен таңдаған айнымас қағидатымыз. Ол қоғамдық санада тамыр жаюға тиіс. «Заң – ізгілік пен әділет өнері» деген әйгілі тәмсіл бар. Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет. Әрине, заңның қатаңдығына наразылық білдіріп, «қылбұрау салып жатыр» деп ойлайтын адамдар әрқашан табылады. Бірақ жазадан жалтарып, жүгенсіз кеткендер, шын мәнінде, халық пен ел мүддесіне қарсы адамдар. Мемлекет қылмысқа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру үшін шара қабылдауды жалғастырады. Бұзақылықпен және ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын айтты.

– Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ. Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. «Жақсының жақсылығын айт» деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның жетістіктері барша халқымыздың ортақ табысы екенін атап өтіп, ұлық мейрам – Республика күніне орай елімізді дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<