ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың өңірге жұмыс сапары сенбі күні Шиелі ауданында жалғасты. Министрмен бірге облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов алдымен Досбол би дәрігерлік амбулаториясына барды.
Дәрігерлік амбулатория ғимараты 1968 жылы салынып, пайдалануға берілген. Шағын төрт бөлмеден тұратын мекемеде 3 төсектік күндізгі стационар бар. Интернет желісімен қамтылған. Мұнда 2 жалпы тәжірибелі дәрігер, 6 орта буын және 3 кіші медицина қызметкері еңбек етеді. Досбол би ауылында 1016 тұрғын бар. Амбулатория қарамағына №21 бекет тұрғындары да қарайды. Ол жерде 537 адам тұрады. Барлығы 1553 тұрғынға қызмет көрсетеді. Медициналық ұйым жедел жәрдем автокөлігімен қамтамасыз етілген.
– Амбулаторияда интернет желісі бар. Жаңа заманауи құрылғылар болмаса да тұрғындарға алғашқы көмек көрсетуде бар мүмкіндікті пайдаланудамыз. Тегін дәрі-дәрмекті уақытылы беріп, күндізгі төсек-орында қажетті ем-домдарын жасап келеміз. Мамандар қажет болғанда аудандық емханаға жолдаймыз, – дейді дәрігерлік амбулатория аға дәрігері Наурызбай Сахиев.
Айта кету керек, Наурызбай – жас маман. Бұл қызметке келгелі айға жуық ғана уақыт болған.
– Ауыл медицинасын жақсарту туралы Мемлекет басшысының өзі нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Жартығасырлық ғимараттың тозығы жеткенін ескере отырып, Президент бекіткен ұлттық жоба аясында мұнда келесі жылы жаңа дәрігерлік амбулатория салынады. Оны кеше тұрғындармен кездескенімде де айттым. Қазір амбулаторлық ем-домға, консультативті қызметке қаншама қаржы бөлініп отыр. Алдағы уақытта қызметті кеңейту үшін не қажет? Мүмкін ауылдық амбулаториядан физиотерапия кабинетін ашу керек шығар? Мәселен, облыс орталығында емделіп шыққан науқасқа дәрігер міндетті түрде бір-екі ем-шара жазып жібереді. Ауылға келген соң ол аяқсыз қалып жатады. Сондай жағдайда осы физиотерапия кабинетінің қызметін пайдаланса, жақсы емес пе? Жалпы тұрғындар сіздерден не сұрайды, нені талап етеді, соны жасайтын уақыт келді. Сосын ауылдық медициналық мекемелерде телемедицинаны дамыту мәселесі тұр. Кез келген уақытта науқастың жағдайына қарай облыс орталығындағы мамандармен байланысқа шығып, кеңес алуға мүмкіндік туады. Қолжетімді медицина деген осы. Сол кезде науқас та дертіне шипа іздеп сандалмас еді. Президенттің қазір бізге қойып отырған басты талабы, міндеті де – осы, – деді министр.
Сәті түсіп тұрғанда амбулатория аға аяжаны Гүлнар Төреханова «жаңадан бой көтеретін амбулатория ғимаратын ауыл шетінен емес, орталықтан салынса» деген тұрғындар аманатын жеткізді. Маманның бұл ұсынысын министр де қолдап, медициналық ғимараттарды қала, ауыл шетінен салу әдетке айналғанын, бұл халыққа қолайсыз екенін айтты.
Онан соң Ажар Ғиниятқызы аудандық аурухана және емхана жұмысымен танысты. Емхана ғимараты 2013 жылы пайдалануға берілсе, аурухананың жаңа ғимараты 2019 жылы ел игілігіне ұсынылды. Аурухана 78 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Дәрігермен қамтылу көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда 24,9-ды құрайды. Денсаулық сақтау саласының басты мақсатының бірі – ана мен бала саулығын қорғауға бағытталған сапалы медициналық көмек көрсету. Бұл орайда ауданда 11 акушер-гинеколог дәрігер, 53 акушер бар.
Министр аудандық аурухананың негізгі көрсеткіштерімен танысып, аурушаңдықты талдауға ерекше назар аударды. Биыл сегіз айда 1402 нәресте дүниеге келген.
– Ана мен бала денсаулығын сақтауға, жақсартуға баса назар аударылып келеді. Соған қарамастан өлім-жітім орын алып жатыр. Қаншама профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Десе де түрлі созылмалы аурулары бар әйелдер жүкті болып, өзінің де, баланың өміріне де қауіп төндіреді. Осы орайда жан-жақты жұмыстарды жандандыру керек. Сіздерге 15 млрд теңге қаржы бөлінгелі отыр. Сол қаржыны ұқыпты жұмсауды ойластыру қажет. Қабылдау бөлімінен бастап тиімді медициналық көмек көрсетуді қолға алуға тиіспіз. Шиелі ауданы бойынша 8 ауылда медициналық нысан салынады, – деді министр.
Аурушаңдық бойынша, бірінші орында тыныс алу жүйесі аурулары тұрса, онан кейін ас қорыту, несеп жүйесі және қан айналым жүйесі аурулары кездеседі.
– Аурушаңдық бойынша республика мен облыс орталықтарында және аудандарда көрсеткіштер әр түрлі болады. Осыған байланысты аудандағы мамандар аурудың себебін саралап, ағарту жұмыстарын жүргізу керек. Мәселен, несеп жүйесі ауруын алсақ, неге жиі кездеседі? Мүмкін су дұрыс емес шығар немесе басқа да себебі бар ма? Осыны анықтау қажет. Соған орай тұрғындарға түсіндіріп, аурудың алдын алуға жұмыс жасалу керек. Басқа ауруларға да байланысты солай. Бұл тек аудандық ауруханаға емес, осы жерде отырған барлық бас дәрігерлерге қатысты ескертпе. Ауру адамды емес, адам ауруды басқаруы қажет. Сондықтан оңалту, сауықтыру шарасына баса көңіл бөлуіміз керек. «Стационарда кімдер жатыр, кімді емдедік?» деген сұрақтарға талдау жасап отыруымыз қажет. Мақсаттарыңыз – халықтың өмір жасын ұзарту, өлім-жітімді азайту. Осыны естен шығармаңыздар, – деп атап айтты Ажар Ғиниятқызы.
Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Шиелі аудандық ауруханасы КТ, МРТ, ангиографпен және басқа да жабдықтармен жабдықталып, инсульт орталығы, травматология, кардиология бөлімшесі ашылатын болады.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<