Ажары ашық Ақмая

481

0

Шиелі ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі – Ақмая ауы­лы. Кеңестік кезеңнің елуінші жылдары ірілендірілген үш ұжымшардан құралған шаруашылық «Авангард» кеңшары аталып, озаттар қатарынан көріне білді. Оның еңбек үлгісі аймағымыздан асып, республикаға таралды. Жуырда 16 Социалистік Еңбек Ері шыққан ауылдың 80 жылдық мерекесі аталып өтті.

Саясаттың салқыны қара­пайым халыққа зәрдей әсер етері тарихтан белгілі. 1937-1938 жылдары сола­қай шешім салдарынан Приморск өл­ке­сіндегі корей халқы Қазақстанға жер аударыла бастады. Солардың ара­сында 1938 жылы 277 отбасы Шиеліге келіп қоныс тепті. Олардың бір бөлігі «Авангард», екіншісі сол қа­тардан «Большевик» ұжымшары болып орнықты. Жергілікті халық өздері тұрмыс қиыншылықтарын тата жүрсе де, байырғы қонақ­жайлылық қалпынан айнымай, жер аударылған корейлерге барынша жылы қабақ танытып, қолдан келгенінше көмек көрсетті. Алғашында ауыздағысынан жырып беріп, жылы киімдері мен киіз, көрпе-төсегін де бөлісті. Бұл ыстық ықылас сырттан келген қоныс аударушыларға сенімділік орнатып, белсене еңбек етуіне жол ашты деуге болады. Жаратылысынан бейнеткеш корейлер шеңгел мен қамыс басқан аймақтарды тазартып, егін егуге шықты. Күріш егудің жай-жапсарын жетік білетін олар, ә дегеннен тәуір нә­тижелер көрсеткендігін атап айтқан жөн. Жоғарыда айтқанымыздай, күріш дақылын егетін екі ұжымшарға мен негізінен мал шаруашылығымен шұғыл­­данатын «Ақтөбе» қосылып, кейіннен атағы алысқа кеткен «Авангард» кеңшарының негізі қаланды. Оның алғашқы басшысы Ким Хан Бин деген кісі болған көрінеді. Міне, шапқан атқа, атқан оққа жеткізбес мәртебелі уақыт араға 80 жылды салып, тәуелсіз Қазақстанның бір ауылының мерейлі мерекесін той­­лауға алып келді. Және де осы шаруашылықты ұзақ жылдар бас­қарып, егіншілік мәдениетін жаңаша үр­діспен дамыта жүріп, ауылды озаттар қатарынан көрсете білген, көптеген еңбек адамдарын тәрбиелеп, елді мекеннің көркеюіне барынша еңбегі сіңген Социалистік Еңбек Ері Ким Ман Самның да туылғанына 135 жыл толу мерекесі қатар аталынып өтті.

Сталиндік сыйлықты алған қар­­жысына Ким Ман Сам салдырып берген мәдениет үйінде ауыл ірге­сінің қаланғанына 80 жыл толу салтанаты өткі­зілді. Аудан әкімі Әшім Ораз­бек­ұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауыл адамдарының қуа­ныш­­тарын бөлісті. «Ақмая» шаруа қожа­лығының төраға­сы, аудан­дық мәслихат депутаты Дәулет Жұмаб­еков, ауыл ­шаруа­­шы­лығының арда­гері Асқар Жұмәділ, ауыл тұр­ғыны Светлана Лян және ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Қатира Жәле­но­валар ел қуанышына орай лебіз білдірді.

Елбасының өміршең бағдар­ламаларына сай шеткі өңірлердің өсіп-өркендеуі жалпы еліміздің гүл­денуінің негізі екендігі Ақмая ауылының қазіргі келбетінен айқын байқалады. Соңғы жылдардың өзін­де әлеуметтік нысандардың әлде­не­шеуі ашылып, халыққа қызмет көрсете бастаса, ауылішілік жолдары жөнделіп, жарықтар орнатылып халыққа қолай­лы жағдайлар жасалынуда. Ауыл түлек­те­рінің туған ауыл­дарын түлетуге үлес қосқандығы да сүйсінерлік, бірі – наубайхананы іске қосса, екіншісі – шаштараз салып, көпшілікке қызмет көрсетуде. Ал мәслихат депутаты Дәулет Жұмабеков бұрнағы жылы жабық спорт кешенін салып берді. Осы күні 600 орындық «Авангард» салтанат сарайы да есігін айқара ашты.

Соңғы үш жыл бойы шаруа­шы­лық жоғары көрсеткіштері ар­қы­лы облыста алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ал, биылғы жылы да ақмаялықтар 1420 гектар күріштіктен орташа 71 центнерден өнім алып, 10 мың тонна Сыр салысын қоймасына құйды. Осылайша жеңімпаздар қа­та­рынан танылды. Бастысы – шар­уа қожалығында еңбек ететін жұ­мыс­шы-механизаторлар ай сайын жалақыларын алып, жыл соңында қосымша табыс та табады. Сондай-ақ, «Еңбек еткеннің еңсесі биік» де­мекші, марапат пен сыйлыққа да ке­не­леді. Мәселен, осы күнгі шарада озаттар өздерінің көрсеткіштеріне сай 30 мыңнан 480 мың теңгеге дейін сыйақыға қол жеткізді. Бұл марапаттарды шаруашылық басшысы тапсырса, қос озат – Герасим Пак пен Рахат Құрманбаевтарға жеңіл автокөлік кілтін аудан әкімі тапсырды.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

 

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<