Қалалық сотқа түсетін ажырасу туралы өтініштің легі толастар емес. Көптеген отбасының ажырасуға бел бууының себебі – атаулы әлеуметтік көмек алу. Осылайша әкелер мемлекеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартуда.
Қалалық сот төрағасы Мұхтар Еркінбеков отбасы құндылығының жоғалып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Осы жылдың тоғыз айында неке және отбасы қатынастарынан туындайтын даулар бойынша 1913 талап қою арызы түскен. Өткен жылмен салыстырғанда 763 арызға көп. Бұл аз сан емес.
– Жарасымды жұптың бір ошақта ұйыса алмауына көбінесе олардың ата-аналары себеп болып жатады. Өйткені, соңғы кезде жас та, үлкен де бірінің сөзін бірі көтере алмайтын халге жеттік. Соның ішінде, ене мен келіннің тіл табыса алмауы жиілеп кетті. Осы тектес азаматтық істердің көтерілуі қазір, өкінішке орай, үйреншікті жағдайға айналып барады, – деді М.Еркінбеков.
Ажырасуға келіскен ерлі-зайыптылардың көпшілігі мінездерінің жараспағандығын алға тартады. Сот төрағасының мәлімдеуінше, ондай жағдайда оларға келісімге келу үшін алты айға дейін уақыт беріледі. Бітімге келіп, арызын қайтып алатындар да бар.
– Мәселен, биылдан бастап беріле бастаған 21 мың теңге жәрдемақыға қол жеткізу үшін ғана формальді түрде некені бұзу, әкесі баласынан бас тарту туралы талап қою арыздарымен жүгіну жайттары көбейіп жатыр. Басқаша айтқанда, дүние үшін ажырасу үрдіс алды. Осы тұрғыдан біздің медиаторлар ажырасқысы келетін жұбайлармен сөйлесіп, некені бұзбауға кеңес беріп, көмек көрсетіп отырады, – деді ол.
Ең көп қаралған істердің ішінде сонымен қатар, тұрғын үй және жер құқық қатынастарынан туындайтын даулар саны артқан. Айталық, тұрғын үй қатынасы бойынша түскен арыз саны өткен жылмен салыстырғанда 812-ге азайып, биыл 956 талап қою арызы түскен. Ал, жер құқық қатынастары бойынша 173 талап қою арызы түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 86 арызға көбейген.
Айта кету керек, биыл қалалық сотқа азаматтық іс жүргізу тәртібімен барлығы 8990 арыз, 353 азаматтық іс түскен. Салыстырмалы түрде қарағанда өткен жылы азаматтық іс жүргізу тәртібімен барлығы 12739 арыз, 307 азаматтық іс түскен.
Шынар БЕКБАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<