Азия ойындарындағы қазақ боксшыларының жетістігі қандай?

377

0

Биылғы жылдың ең басты спорттық жарысы деп жазғы Азия ойындарын айтуға болады. Төрт жылда бір өтетін аталмыш доданы биыл Индонезия астанасы – Джакарта қаласы қабылдайды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Осымен XVIII рет ұйымдастырылып отырған Азия ойындары тамыз айының 18-і мен қыркүйектің 2-сі аралығында өтеді деп жоспарланған. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері Азия ойындарынан қалыс қалған емес. Осы жылдар аралығында бізге медаль сыйлау жағынан боксшыларымыздың бәсі жоғары болып тұр. Өкінішке қарай, биыл жарыс бағдарламасынан ерлер арасындағы үш салмақ қысқартылып тасталды. Атап айтқанда, ерлер арасындағы 81 келі, 91 келі және +91 келі, ал әйелдер арасындағы +75 келі салмақтар Азиада бағдарламасына енбей қалды.

Енді Азия ойындарында боксшылар тек 10 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Яғни ерлер арасында жеті салмақта (49 келі, 52 келі, 56 келі, 60 келі, 64 келі, 69 келі, 75 келі), ал әйелдер арасында үш салмақта (51 келі, 57 келі, 60 келі). Бокстан жалпы 30 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақ боксшылары жоғарыда алынып тасталған салмақта Азия тұрмақ, әлем, Олимпиада ойындарында жеңіске жетіп жүлдеге ілігіп жүрген. Мысалы, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов бар. Ол екі дүркін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Осыдан 4 жыл бұрын Инчхондағы Азия ойындарында топ жарған. 91 келідегі Василий Левит үш рет Азия чемпионы болған. Олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдесіне қол жеткізген. Ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев былтырғы жылы Азия және әлем чемпионатында финалға дейін жеткен. Енді, амал жоқ, қалған жеті боксшыға үміт артамыз.

Осы ретте 1994-2014 жылдардағы қазақ боксшыларының жазғы Азия ойындарында жеткен жетістіктеріне бір тоқталып өтсек.

Хиросимадан 5 медаль бұйырды

Ең алғаш Қазақстан тәуелсіз ел ретінде 1994 жылы қатысты. Бұл жолы Азия ойындарын Жапонияның Хиросима қаласы қабылдаған. Күншығыс елінде Әбдісалан Нұрмаханов шәкірттері 5 медаль еншіледі. Оның ішінде екеуі – алтын. Қазақстан боксшылары арасында Азия ойындарының чемпионы деген мәртебелі атаққа ең алғаш болып, шымкенттік Нұржан Сманов ие болды. Ол 67 келіде қарсылас шыдатпады. Екінші алтын Қанатбек Шағатаевқа (71 келі) бұйырды.

Жүлдегерлер қатарында Аркадий Топаев (75 келі, күміс), Болат Ниязымбетов (63,5 келі, қола), Василий Жиров (81 келі, қола) бар. Жалпы командалық есепте Филиппиннен кейін екінші орынға тұрақтадық. Олардың бізге қарағанда бір алтыны артық болды.

Бангкокта өзбектер алдымызды орап кетті

Келесі Азия ойындары 1998 жылы Таиландтың Бангкок қаласында өтті. Таи елінде командалық есепте үшінші орынмен шектелгенімізбен, алтын саны жөнінен 2014 жылға дейін ең үздігі болды. Құраманы танымал бапкер Тұрсынғали Еділов бастап барды. Нәтиже төмендегідей:

Алтын: Ермахан Ибрайымов (71 келі), Вячеслав Бурьба (75 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі);

Күміс: Нұржан Сманов (67 келі);

Қола: Марат Мәзімбаев (54 келі);

Осылардың арасында Ермахан Ибрайымов пен Мұхтархан Ділдәбеков арада 2 жыл өткенде Сиднейдегі Олимпиада ойындарының финалына шықты.

Жалпы командалық есепте жарыс қожайындарына жететін ешкім болмады. 12 салмақтың бесеуінде жеңіске жетіп, бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ 3 алтын, 4 күміс, 2 қола медальмен Өзбекстан құрамасы да алдымызды орап кетті.

Пусанда Головкин жарқылдады

2002 жылы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында 11 салмақтың екеуінде ғана медаль бұйырды. Оның екеуі де –алтын. Біреуін қазақ боксының болашақ жұлдызы Геннадий Головкин жеңіп алды. Қарағанды қаласының тумасы 71 келіде үздік атанды. Осыдан кейін Гена 2003 жылы әлем чемпионы болса, 2004 жылы Афины Олимпиадасына дейін финалға дейін жетті. Екінші алтын 63,5 келідегі Нұржан Кәрімжановтың еншісінде.

Ең сүреңсіз Азия ойындары

Афины Олимпиадасынан соң, құрамада біраз өзгеріс болды. Бас бапкерлікке Дамир Буданбеков тағайындалды. Құрамаға жаңа боксшылар келді. 2006 жылы Катар астанасы Доха қаласындағы жазғы Азия ойындарында боксшыларымыз, өкінішке қарай, бір алтынмен шектелді. Бұл біздің осы жылдар ішінде ең төменгі нәтижеміз. Чемпион болу бақыты сол тұста Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған 69 келідегі Бақыт Сәрсекбаевқа бұйырды. Дохадағы нәтижеміз мынандай:

Алтын: Бақыт Сәрсекбаев (69 келі);

Күміс: Бақтияр Артаев (75 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі);

Қола: Галиб Жафаров (57 келі), Серік Сәпиев (64 келі), Дмитрий Готфрид (91 келі);

Айтжановтың Азия ойындарындағы дебюті

Биылғы Джакартаны қоссақ, Мырзағали Айтжанов бокс құрамасын үшінші рет Азия ойындарына бастап бармақ. Яғни Айтжанов бас бапкерлер арасындағы рекордты жаңартуға жақын. Ең алғаш ол 2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласына барған. Ол кезде Серік Сәпиев (69 келі) пен Данияр Елеусінов (64 келі) чемпион атанды. Жүлдегерлер қатарында Біржан Жақып (49 келі, күміс); Иван Дычко (+91 келі, күміс), Данабек Сужанов (75 келі, қола) бар. Жалпы командалық есепте үшінші орын бұйырды.

Инчхондағы толағай табыс

2014 жылы Инчхондағы XVII жазғы Азия ойындары боксшылар мен бапкерлер штабына ерекше сынақ еді. Өйткені, бір жыл бұрын құрлық және әлем біріншілігінде Қазақстанның атағы аспандады. Сол тұғырымыздан түсіп қалмау басты міндет болды. Оның үстіне құрамада 64 келі салмақтан басқасында боксшы ауысқан жоқ еді. Кореяға бірінші нөмірлі боксшыларымыздың барлығы түгел барды.

Ең жеңіл салмақтағы Жақыпов Гуанжоудағыдай финалға дейін қиналмады. Бірақ ақтық сында Корея боксшысы Джонгун Шиннен ұтылып, тағы да алтын медаль сусып кетті. Жерлесіміз бұл боксшыны Қытайдағы Азия ойындарының жартылай финалда кездескенде жеңген. Арада төрт жыл өтті. Оның үстіне бұл жолы Шин өз жерінде өнер көрсетті. Аянып қалсың ба? Жақыповты жеңетін бұдан өзге қолайлы уақытты көріп тұрғаны жоқ. Сондықтан «не бел, не белбеу кетеді деп» алға атойлады. Екеуі де 9 минут бойы жанкүйердің айызын қандыратындай жекпе-жек көрсетті. Төрешінің шешімімен Джонгун Шин чемпион атанды. Сөйтіп, Жақыпов екі дүркін күміс жүлдегер атанды.

Ал өзге салмақтағы финалистердің барлығы алтынды бірінен соң бірін еншіледі.Бокстан Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды Сүлейменов әперді. 69 келідегі Данияр Елеусінов қазақ боксшыларының арасынан алғаш болып, екі дүркін чемпионы атанды. Өзбек ағайындарымыз Елшод Расуловтарын айтып мақтанып жүруші еді. Сөйтіп, қазақтан да осындай чемпион шықты. Данияр финалда өзбектің жас боксшысы Исраил Мадримовты жеңген болатын.

Бүгінгі күні кәсіпқой боксқа ауысып кеткен Жәнібек Әлімханұлының әуесқойдағы соңғы жарқылдаған кезі осы Инчхон шығар. 75 келіде қарсылас шыдатпаған, Әлімханұлы Азия ойындарында әдемі бокс көрсетті.

Үнемі ірі додаларда екінші орыннан әрі аса алмай жүретін Әділбек Ниязымбетов финалда шаршы алаң қожайыны Хонгкью Кимді қиналмай ұтты. Қарсыласы жерлесіміздің мықтылығын мойындап, екінші орынды қанағат тұтты.

Әлімханұлы мен Сүлейменов секілді 91 келідегі Антон Пинчуктің де соңғы рет халықаралық аренадағы ірі табысы деп Азия ойындарындағы алтынын айтуға болатын шығар. Антон Инхчонда бұған дейін екі рет есе жіберген өзбек Тулагановты, Оңтүстік Кореяның мықтысы Пак Нам-Енді де жарыс жолынан шығарды. Соңғы қарсыласы Али Мазахериді жақсы дайындықтың арқасында жеңді.

Гуанжоуда күміспен шектелген Иван Дычкоға да Азия ойындарының чемпионы деген атақ Оңтүстік Корея жерінде бұйырды.

Алтын: Ілияс Сүлейменов (52 келі), Данияр Елеусінов (69 келі), Жәнібек Әлімханұлы (75 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі), Антон Пинчук (91 келі), Иван Дычко (+91 келі);

Күміс: Біржан Жақыпов (49 келі);

Қола: Қайрат Ералиев (56 келі).

Биыл Джакартада Қазақстан намысын мына боксшылар қорғайды:

49 келі: Теміртас Жүсіпов;

52 келі: Азат Махметов;

56 келі:Қайрат Ералиев;

56 келі: Саматәлі Төлтаев;

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов;

69 келі: Асланбек Шымбергенов;

75 келі: Әбілхан Аманқұл.

Жалпы, Жакартаға құрлықтың 30-дан астам елінің боксшылары жиналады. Бокс додасы 22 тамыздан 1 қыркүйекке дейін өтеді.

Ал биылғы Джакартада өтетін Азия ойындарына Алматыда дайындалып жатқан ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжанов екі алтын алуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Біз қазір Алматыдағы бокс академиясында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Жиынынмыз 6 шілде басталған. Енді 27-сіне дейін осында боламыз. Құраманың барлық жігіттері осында. Биыл өздеріңіз білесіздер, Азия ойындарына әдеттегідей 10 емес, 7 боксшы ғана барады. Соған қарамастан басқа салмақтағы боксшыларда қатарымызда дайындалып жатыр. Индонезияда кемі 4-5 медаль алсақ деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде екеуі алтын болса деген тілегіміз бар. Қайрат Ералиев, Асланбек Шымбергенов, Әбілхан Аманқұл, Теміртас Жүсіпов секілді халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп жүрген тәжірибелі боксшыларға сенім артамыз», – дейді Мырзағали Айтжанов.

Айтпақшы, жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның көк байрағын ұстап шығу, басқа-басқа емес, боксшыға тапсырылып отыр. Ұлттық Олимпиада комитеті туды Әбілхан Аманқұл ұстайтынын хабарлаған болатын.

«Осыған дейін байрақты көтеріп шығуға үміткерлер қатарында екенімді де білген жоқпын. Әрине, кез келген спортшы үшін бұл үлкен бақыт! Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан байрағын маған сеніп тапсырғаны үшін қуаныштымын. Жарыс кезінде біздің көк Туымыз сан мәрте көкте желбірейтініне де сенімдімін. Барлық спортшылар жылдың басты додасына қарқынды дайындалып жатыр. Жақсы нәтиже көрсетіп, барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантамыз деген ойдамын», – дейді Әбілхан Аманқұл.

Осы ретте ардагер спорт журналисі Дүрәлі Дүйсебайға хабарласып, қазақ боксшылары қандай нәтиже көрсетеді деп болжамын сұраған едік.

«Қазақ боксшылары ешқашан елімізді жерге қаратқан емес. Азия ойындарында тек 2006 жылды еске алмағанда, қалған уақыттардың барлығында кемі екі алтынмен оралып жүрді. Осыдан 4 жыл бұрын тіпті, рекорд жаңартты. Енді осы биігімізден түспеуіміз керек. Өкінішке қарай, биыл үш салмақты қысқартып тастап отыр. Дәл қазақ жігіттері жүлде салып жүрген салмақтар еді. Дегенмен, жеңіл салмақтағы өрендеріміз де жерге қаратпауы тиіс», – дейді спорт сарапшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<