Катардағы футбол бәсекесі тосын жағдайлармен ерекшеленіп жатыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы құрамасы – Аргентина алғашқы кездесуінде Сауд Арабиясынан жеңіліп, теңбіл доп тартысын тамашалаған тәмам елді бір дүрліктірді. Қалған ойындар да жанкүйерге өз қызығын сыйлап жатқан жайы бар.
Алғашқы минуттан аргентиналық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысқан еді. Десе де, оған Сауд Арабиясы жол бере қойған жоқ. Ойынның 10-минутында аргентиналық Лионель Месси пенальтиден есеп ашты. Бірінші кезеңде бұдан кейін таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде Сауд Арабиясы құрамасының белсенділігі байқалды. Олардың ойын өрнегі түрленіп шыға келді. Нәтижесінде 48-минутта Салех Аль Шехри таразы басын теңестірсе, Салим Аль-Давсари 53-минутта өз құрамасын алға шығарды.
Айта кетсек, екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездесті. Олардың барлығы жолдастық кездесу есебінде өткізілген. Жеңістің қолдан сусып бара жатқанын түсінген Аргентина алға қарай ұмтыла түсті. Дегенмен діттеген мақсатына жете алмай жатты. Осылайша Сауд Арабиясы қарсыласын 2:1 есебімен қапы қалдырды.
Бұл Сауд Арабиясы халқы үшін үлкен қуаныш болды. Король Сальман бен Абдель Азиз Аль ұлттық құраманың осы жеңісін тұрғындар атап өтуі үшін сәрсенбіні демалыс деп жариялау туралы шешім қабылдады.
Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси сәтсіздік жөнінде пікірін білдірді. «Бұл барлығы үшін ауыр соққы болды. Жанкүйерлер үшін де, біз үшін де. Біз турнирдің бастауында мұндай сәтсіздікті күткен жоқпыз. Алға қойған мақсатымыз – жеңіске жету, үш ұпайды олжалау. Ол жаныңа жайлылық береді. Мұндай жағдай ойлағандай бола бермейтіні тағы бар. Қарсыласымыз қалай ойнайтынын жақсы білдік. Асығыстық таныттық» деді аргентиналық футболшы.
Аталған топтағы тағы бір кездесуде Мексика және Польша құрамалары 0:0 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Ал D тобында сынға түсетін Франция бірінші кездесуінде сүрінген жоқ. Австралиямен ойынында алғашқы болып өз қақпасына гол жіберіп алды. Одан кейін француздық жұлдыздар қатарынан төрт мәрте қақпаны дәл көздеді. Нәтижесінде қарсыласын 4:1 есебімен сүріндірді.
Сондай-ақ, аталған топта Дания мен Тунис 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Кеше кешке тағы бір футболдағы тарихи оқиға тіркелді. Даңқы жер жарған «неміс машинасы» жапондардан жеңілді. Есеп – 1:2.
Байқасаңыз, тап осы футбол додасының дүрмегі күтпеген оқиғалармен айшықталып жатыр. Германия-Жапония бәсекесі туралы толығырақ және өзге де ойындар бойынша алдағы нөмірде кеңірек ұсынатын боламыз.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<