Азық-түлік: баға бақылаусыз қалмайды

358

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға тиісті тапсырмалар берді. Бұл бағытта облыста нақты жұмыс бар. Атап айтқанда, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу ұдайы назарда тұр. Ол үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізуге мән берілген. Сондай-ақ «айналым» схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру арқылы шаралар қабылдануда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде тұрақтандыру қорында 796,2 тонна өнім бар. Өнім қорын қалыптастыру мақсатында 2020-2022 жылдарда облыстық бюджеттен 3,9 млрд теңге қаралған.

– «Айналым» схемасы аясында 20 келісім-шарт негізінде 1 млрд теңгеден астам қаржы кәсіпкерлерге заем ретінде берілді. Бұл бойынша кәсіпкерлік нысандарымен 9584,5 тонна өніммен қамтамасыз етуге байланысты тиісті міндеттемеге қол қойылған. Аталған өнімдер 38 әлеуметтік дүкен, облыс орталығындағы 17 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрышы арқылы тұтынушылар қолына жетіп отыр. Облыс тұрғындарын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде нәтижелі істер атқарылуда. Осы мақсатта жасалған бірнеше келісім-шарт бар. Сол арқылы өңірлік тұрақтандыру қорына 1050 тонна картоп, 450 тонна пияз, 150 тонна сәбіз, 150 тонна қырыққабат сатып алынбақ, – деді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.

Сондай-ақ, өңірде қант бағасын тұрақтандыру және жетіспеушілігін болдырмауға мән берілуде. Нәтижесінде ол қазір облысқа Көксу қант зауытынан тікелей жеткізілуде. Қалған бөлігі «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» арқылы алынуда. Қазір облыста қант бағасы – 494 теңге. Ол елімізде орташа есеппен 521 теңгені маңайлап тұрғанын айта кеткеніміз артық болмас. 

Басқарма басшысының айтуынша, 1496 тонна қант өніміне келісім жасалған. Оның 1224 тоннасы облысқа жеткізіліп үлгерді. Көтерме бағасы – 471 теңгені құраса, бөлшек саудада 490 теңгеден сатылуда. Көксу қант зауытынан бір ай ішінде қосымша 680 тонна өнімді жеткізу бойынша келісім бар.

Облыс халқы 1 айда жобамен 1178 тонна қант өнімін тұтынады. Қолдағысы – 457 тонна, қалғаны ай соңына дейін толық қамтамасыз етіледі.  Осы аптада тағы 204 тонна қант жеткізілсе, биылғы жылдың қалған бөлігіндегі сұраныс 3155 тоннаны шамалайды. Сонымен қатар, нан бағасын арзандату мақсатында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ  арқылы ақпан-тамыз айлары аралығында 14317 тонна астық бөлінген. Оның 10595 тоннасы ұн түрінде. Өңірдегі ірі наубайханаларға 3532,7 тонна ұн босатылып, бөлке нанды төмендетілген бағада сатуға мүмкіндік жасалды.

Облыс тұрғындарын төмен бағада көкөніс-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында тұрақтандыру қоры мен заем алған кәсіпкерлер арқылы жыл басынан бері апта сайын халық жиі шоғырланған аймақтарда жәрмеңке ұйымдастырылуда. Қазірге дейін сол арқылы 600 тоннаға жуық өнім сатылды, – деді басқарма басшысы.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек сауда бағаларына мемлекеттік бақылау қарастырылған. Жыл басынан бері 17 сауда нысанында азық-түлік бағасына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 8 нысанда сауда үстемесін сақтау бойынша заң бұзушылық анықталып, оларға әкімшілік шарасы қолданылған. Енді 7 сауда орны бойынша тексеру жалғасуда.

– Тұрғындар көп жағдайда үй маңайындағы дүкендер мен шағын маркет қызметіне жүгінеді. Сондықтан алғашқы кезекте аталған нысандарға бағаны негізсіз өсірудің жауапкершілігі ескертілді. Бұл бойынша 2192 кәсіпкерлік субъектісіне хабарлама берілді. Оларға апта сайын мониторинг жүргізілуде. Айта кету керек, аталған мәселе облыс әкімдігінің тікелей бақылауында. ҚР сауда туралы заңнамасын бұзу анықталып, дәлел тапқан жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-4- бабына сәйкес ӘМАТ сауда үстемесінің мөлшерін арттыру дерегі бойынша бірқатар әкімшілік шаралар қаралған. Алдымен ескерту жарияланса, бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекетке шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 айлық есептік көрсеткіш (30630 теңге) айыппұл салынады. Ал  орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75 (229725 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш (918900 теңге) айыппұл қарастырылған, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков.

Азық-түлік тауарлар бағасына қатысты түскен 4 арыз негізінде «Magnum» және «Small» супермаркеттеріне тексеру жүргізілген. Мамандар қырыққабат, сәбіз, пияз, қант, ас тұзы, картоп, тауық жұмыртқасы секілді маңызды азық-түлік бағасын бақылауға алып отыр.

Айтқандай, тұрғындар тарапынан осындай себептермен 15 сауда нысанындағы азық-түлік бағасына қатысты 7 арыз-шағым түскен. Ол бойынша тексеру жасалып, екі сауда орнында сауда үстемесін сақтауда заң бұзушылық анықталып, ескерту түріндегі әкімшілік шарасы қолданылды. Олардың қатарында «Сәлем» және «КЗО магазин» дүкендері бар.

Қысқасы, қолданыстағы заңнама шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек сауда бағасын бақылау жұмысы жалғаса береді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<