Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылған шаралар бойынша кездесу өтті.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов пен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаев атқарылған шаралар туралы баяндады.
1 қыркүйектегі жедел статистикалық ақпараттарға сәйкес, облыста әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының индексі 103,5%-ті құрады. Республика бойынша бұл көрсеткіш – 104,6%.
Жыл басынан бері 19 әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауары арасынан 12 өнімге баға жоғарыласа, 5 өнім бағасы төмендеген, ал 2 өнім бағасы бірқалыпты сақталуда. Бүгінге дейін тұрақтандыру қорына 4130,4 тонна өнім сатып алынды.
Қазір қордағы 2325,5 тонна өнім Қызылорда қаласында орналасқан 29 әлеуметтік дүкен мен 1 әлеуметтік маркетте және қала аумағында орналасқан «Мирас», «Аль-Асад», «Анвар», «Ажар», «Қызылорда Оптомаркет» және «Ақниет» ірі сауда орындарында тұтынушыларға ұсынылуда.
Сонымен қатар, әлеуметтік дүкендердің желісін кеңейту мақсатында облыс орталығында 5 дүкеннің құрылысы жүргізілуде. Күз айларында тұрақтандыру қорын толықтыруға 1000 тонна картоп, 500 тонна бас пияз, 200 тонна сәбіз және 35 тонна қырыққабат, сондай-ақ, 68 тонна қарақұмық жармасын сатып алу жоспарлануда.
Соңғы уақытта облыста қарақұмық жармасының бағасы тұрақсыз болып тұр. Бекітілген 269 теңге шекті баға 15%-тен артып кетуіне орай комиссия қарақұмық жармасына 313 теңге мөлшерде баға бекіту жөнінде облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды. Ал ет өнімдерін тұрақтандыру мақсатында «KZO Ет» шаруа қожалығы қаланың 6 аумағында орналасқан жеке сауда орындарында сиыр етінің келісін 1600 теңгеден сатуда. Бұдан бөлек, осы төмен бағадағы әрі сапалы ет өнімдерін қаладағы «Қызылорда», «Анвар» ірі сауда үйлерінде сатылымға шығару ұйымдастырылды.
Кездесу соңында облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын бақылауда ұстауды және кәсіпкерлер тарапынан негізсіз өсірген жағдайда шара қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, дәстүрлі күзгі жәрмеңкелер ұйымдастыру туралы тапсырма берді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<