Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі қаралды

472

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі қаралды.

Аймақ басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің халыққа арзан бағамен ұсынылып, уақытылы сатылуы керектігін қатаң ескертті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Азық-түлік өнімдерін өндіруде, өткізуде бағаны ашық белгілеуді, өнімсіз делдалдармен күресуді атап өтті. Осы орайда, Үкімет барлық өңірлердің халық санын ескеріп, маусымаралық кезеңдегі көкөніс өнімдерінің нақты көлемін бекітті. Біздің өңірдің тұрақтандыру қорына 5 мың тоннаға жуық өнім көлемі белгіленіп, сатып алынды. Бұл халықтың қысқы-көктемгі қажеттілігін қамтамасыз етуге есептелген. Алайда, бүгінгі күнге небәрі 8 пайызы ғана өткізілген, сатылғаны – 384 тонна. Ел үшін алынған тауар жұртшылықтың тұтынуы үшін сатылуы керек. Осы жұмысты сіздерге 10 күн бұрын тапсырдым. Әлеуметтік желілерде тарату туралы да айттым. 4-5 күн бұрын қала, аудан әкімдеріне тағы тапсырдым. Іске жауапкершілікпен қарап, қолда бар мүмкіндікті пайдаланбаған соң, бүкіл еңбек зая кетуде. Біздің негізі мақсатымыз – халыққа азық-түлікті тиімді бағада ұсыну. Тұрғындардың жағдайы, олар тұтынатын азық-түліктің жеткілікті көлемде, қолжетімді бағада болуы – бірінші орындағы мәселе. Сондықтан алдағы уақытта да көкөніс өнімдері қолайлы бағада ұсынылатын болады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жыл басында облыс әкімі қоймадағы көкөністерді тұтынушыларға арзан бағамен сатуды тапсырған болатын. Өйткені, қордағы көкөністердің көктем жақындағанда бұзыла бастайтыны белгілі. Осының алдын алу үшін ертерек әрекет етіп, тезірек қимылдау керектігін ескерткен. Мысалы, базардағы пияз бағасы 80-120 теңге аралығында болса, оны «Байқоңыр» ӘКК арқылы барлық аудандар мен қалада 30-35 теңгеден сату міндеттелді. Алайда, бірде-бір аудан әкімі бұл тапсырманы орындамаған. Бүгінгі жиында аймақ басшысы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әбілтайға, барлық жауапты басшыларға, қала, аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасады. Бұл жұмыстар уақытылы әрі жүйелі жүзеге асқанда, ең алдымен халыққа қолайлы болатын еді. Екіншіден, базар бағасын тұрақтандыруға оң ықпал ететін. Естеріңізде болса, өткен жылы қоймадағы көкөністі жарамсыз күйге түскенге дейін сақтаған «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басшысы жұмыстан босатылған болатын.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<