БАҚ – қоғамның барометрі

335

0

 Сейсенбіде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.

Аймақ басшысы журналистердің қоғамдық сана қалыптастырудағы ролін ерекше атап өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы міндеттерге тоқталды.

– Соңғы жылдары Сыр өңірі республикада жетекші салалардың бәрінде дерлік алдыңғы орындардан көрініп келеді. 7 ақпан күні Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінде 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кешенді жоспар жан-жақты қаралып, маусым айында Үкімет оны бекітті. Кешенді жоспар іске асырылған жағдайда ішкі жалпы өнім көрсеткіші 2 трлн 62 млрд теңгеге дейін артады, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы БАҚ – қоғамның барометрі, ал атқарылған жұмыс пен өңірдің тыныс-тіршілігін халыққа дер кезінде жеткізу – сала өкілдерінің негізгі миссиясы екенін айтты. Одан бөлек, цифрлық даму кезеңінде жылдам, сапалы әрі шынайы ақпарат таратудың қиындығын, соған қарамастан Сыр журналистерінің кәсіби шеберлік көрсетіп келе жатқанын жеткізді.

– Мәселенің анығына жетпей, сенсация қуатын тілшілер жоқ емес. Мақаланың мазмұнын емес, жеке бастың имиджін бірінші орынға қоятындар бар. «Айтылған сөз – атылған оқ» деген қанатты сөз бар қазақта. Түпкілікті зерттелмеген шикі ақпаратты жариялаудың артында не тұрғанын аға буын өкілдері жастарға түсіндіріп, жол көрсеткені жөн, – деді аймақ басшысы.

Жиын барысында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, «Qyzylorda» телеарнасы директорының міндетін атқарушы Айсұлу Қасымова, республикалық «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Биқожа, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Райхан Тәжібаева пікір білдірді.

2010 жылы құрылған «Сыр медиа» серіктестігі – бүгінде бірқатар облыстық, қалалық, аудандық ресми басылымдарды біріктіріп отырған, барлығы 500-ден астам адам еңбек ететін іргелі құрылым.

– Облыс әкімдігінің қолдауы нәтижесінде біз еліміз бойынша өз өнімін өз баспаханасынан шығарып, өзі тарататын іргелі ұйымға айналдық. Аудандық газет редакцияларының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бағытында нақты шаралар жүзеге асырылды. Бұл жақсылықтың жаршысына айналған құрылым жұмысына оң әсерін тигізді. «Сыр медиаға» қарасты басылымдар осы күні облыс, республика көлемінде үздіксіз жаңалық таратып келеді, – деді серіктестіктің бас директоры А.Оңғарбаев.

Серіктестікте тілшілердің тәжірибе алмасуына да барынша жағдай жасалған. Аудандық газеттердің өкілдері былтыр М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен Х халықаралық «БАҚ және жаппай байланыс – 2018 ғылыми оқылымына қатысты. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ұйымдастырылған семинар, форумдарда болып, әріптестермен байланысты күшейтті.

Кездесуде «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Нұрмаханов облыс әкімі жанынан БАҚ жұмысын үйлестіру кеңесін құру, ал Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков жас журналистерді қолдау мақсатында облыс әкімінің біржолғы стипендиясын тағайындау туралы ұсыныс білдірді.

«Жастар алда болуы үшін аға буынның қолдауы міндетті түрде қажет» деген аймақ басшысы тиісті сала басшыларына осы бағытта жоба әзірлеуді тапсырды.

– Біз сыннан қашпаймыз. Бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз. Ең бастысы, жарияланған материал қоғамда арандатушылық туғызбауы тиіс, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Назерке САНИЯЗОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<