Ертең ұлы дала дүбірі басталады
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлері өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Жарыстар орталық азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. Бұл адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған.
Көшпенділер ойындарының жалауы осыдан он жыл бұрын Қырғызстанда көтеріліп, үш жыл бойы осы елде, сосын Түркияда өткізілген. Осылайша, дүйім жұрттың делебесін қоздыратын дода көп ұзамай дүниежүзілік сипатқа ие болды.
Биылғы жылы бұл додалы дүбір Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Астанада өткізілетін болып шешілді.
Түркі әлемі көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ертең, 8 қазан күні Астанада басталмақ. Бұл халықаралық спорт мерекесіне еліміздің атынан 216 спортшы қатысады.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Осы үш саланы біріктірудің арқасында көшпенділер мәдениетін зерттеп, жаһандық деңгейде насихаттау мүмкіндігі артады.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спортымен ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, жамбы ату, арқан тарту, ат үстіндегі күрес сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20-дан аса түрінен жарыс өтеді. Мысалы, ат үстіндегі күреске еліміздің алты спортшысы қатысады. Бұл спорт түрінен бізбен бірге Түркия, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай елдерінен келген күштілер бәсекеге түседі.
Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.
«Қазанат» ипподромы мен оның маңында орналасатын «Көшпенділер әлемі» этноауылында ат жарыс, көкпар, саятшылық өнері мен садақ ату жарыстары өтеді. Қалың көрермен Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында ұлттық күрес түрлері мен халық ойындарын, «Думан» қонақүй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысын қызықтайды.
Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылды.
«Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылады. Этноауылда апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Этноауылды бір күнде 30 мың көрерменнің аралауына жағдай жасалады. Сондай-ақ Ұлттық музейде Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысы басталады. Онда көшпелі халықтар өркениетінің адамзат тарихындағы маңызы мен мұрасы зерттеліп, ғылыми баға беріледі.
Көшпенділер ойындарына қатысатын жүзден аса елдің 4 мыңға жуық спортшыларынан басқа, түркі жұртының ойын түрлерін көруге Астанаға 100 мың турист ат басын тіреп отыр. Ал жарыс туралы отандық телеарналардан бөлек, Euronews, BBC, CNN секілді алпауыт телеарналар шартарапқа ақпарат таратады.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<