Баба рухын ұлықтау – ұрпақ парызы

274

0

Ата-бабалардың өшпес рухына тағзым ету, құран бағыштау бүгінгі ұрпақтың абыройлы борышы. Соған сәйкес бүгін Бірлік ауылдық округінде Жолшара баба ұрпақтары жиылып, ас берді. Тағылымы мол игі шараға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен және Алматы, Қарағанды, Орал, Маңғыстау, Шымкент, Қызылорда облысы мен аудандардан баба ұрпақтары ат басын бұрды.

Ауқымды жиында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз алып, Жолшара баба ұрпақтарына жылы лебізін жеткізді. – Қазақ халқы қашанда өткенге салауат айтып болашаққа аманат жүгін қалдырған.

Сондықтан да бабаларын ардақтап, ұлыларын ұлықтай білген. Яғни, ата-бабасының еткен еңбегін елге дәріптеу бүгінгі буынның азаматтық парызы болмақ. Бүгін Жолшара баба ұрпақтары дүйім елді жинап, қазақы дәстүрмен баба рухына арнап ас беріп жатыр.

Құрметті қатысушылар ата-бабаларымыз “Өлі разы болмай тірі байымас” деп бекер айтпаған. Бүгінгі беріліп жатқан ас қабыл болсын! Баршамызды баба әруағы желеп-жебеп жүрсін!, – деген аудан басшысы Бірлік ауылындағы игі іске ұйытқы болған бірқатар азаматтарға аудан әкімінің “Алғыс хатын” табыстады.

Мұнан соң еліміздің түкпір-түкпірінен келген бабаның жыршы-термеші ұрпақтары кезек-кезегімен сахна төріне көтеріліп, өнерлерін тарту етті. Қайырымдылық, мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылған мұнда қонақтар палуандардың күресіне айрықша мән берді. Олар бөзкілемде белдескен батырларды жігерлендіріп, қошемет көрсетті. Сонымен қатар, қол күрес, қой және гір көтеру сынды сайыстарды тамашалап, ерекше көңіл-күйге бөленді.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<