«Бәйтеректе» жаңа білім ордасы ашылды

713

0

Өңірдегі мектептерге жаңа оқу жылында 180 мыңнан аса оқушы келді, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің саны 17 мыңнан асқан. Оқушы санының өсуі өз кезегінде жаңа мектептерге сұранысты арттырады. Осыған орай қалада бірнеше білім ордасы пайдалануға беріліп, ел көңілі бір серпіліп қалды.

Облыс орталығының шет аймақтары кеңейіп, оларға қоныстанушылар саны жыл сайын артып келеді. Солардың бірі Қызылорда қаласының «Бәйтерек» шағын ауданы инфрақұрылымы жеткізілген, қанатын кең жайған елді мекенге айналды.

Қызылорда облысының 85 жылдығы және Мұғалімдер күні аясында «Бәйтерек» шағын ауданындағы №287 орта мектеп ел игілігіне табысталды. Жаңа білім ордасы облыс орталығындағы үш ауысымда білім беретін №261, №280 мектептердегі оқушылар жүктемесін азайтады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

– Ел Президентінің, Үкіметтің қолдауымен Сыр өңірінің білім саласында ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы екі жылда 12300 орындық 21 мектеп салынады. Осы жылы 10 мектептің құрылысы басталса, оның бесеуі облыс орталығында бой көтереді, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде облыс бюджеті 604,1 млрд теңгеге жетсе, оның білім саласына бағытталған бөлігі 245 млрд теңгені құрады.

Салтанатты іс-шарада облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов жерлестерін жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаев бата берді.

2022-2023 оқу жылында облыс бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 7219 түлектің 4973-і мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың саны алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда 885-ке көбейген. Биыл өңірге қажетті мамандықтар бойынша 100 түлекке облыс әкімінің гранты тағайындалды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 85,2 млн теңге қаржы бөлінді.

Айдар ӘДІЛЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<