Бәрі – біздің балалар

595

0

Ата-ана үшін баланың денсаулығынан асқан бақыт жоқ. Дегенмен  қоғамда тағдырлы балалар бар. Олардың денсаулығын қалпына келтіруде 2005 жылдан бері облыстық балалар оңалту орталығы жемісті қызмет атқарып келеді.

Оңалту орталығында жас ерекшеліктеріне қарай 5 топта 50 бала қамтылған. Медицина қызметкерлері (бала дәрігері, психиатр, реабилитолог, физиотерапевт, емдік дене шынықтыру маманы, мейірбикелер), педагогикалық қызметкерлер (логопед, дефектолог, психолог, музыка жетекшісі, әлеуметтік мұғалімі, қосымша білім беру мұғалімі, аға-тәлімгер, педагог-ұйымдастырушы, тәрбиешілер) жұмыс істейді. Орталықтың негізгі мақсаты – сөйлеу тілі, көру, есту қабілеттері, тірек-қозғалыс аппаратында бұзылыстары бар, ақыл-ойы тежелген және оқу, қарым-қатынас пен мінез-құлығында қиындықтары бар балаларға мүмкіндігін жоғалтқан қызметтерінің орнын толықтыру. Оған қоса, бастапқы және екінші кезекте пайда болған бұзылыстарды қалпына келтіру. Сақталған анализаторлардың қызметін дамытуға бағытталған психологиялық-педагогикалық түзету және оңалту түрінде кешенді психологиялық–медициналық-педагогикалық көмек көрсету де мұндағы мамандарға жүктелген.

Түзете дамыту жұмысы педагогикалық-психологиялық оңалту, медициналық-сауықтыра оңалту, әлеуметтік-педагогикалық кеңес 3 бағыт бойынша іске асырылады.

Ашылғаннан бері 2420 балаға түзете дамыту көмегі көрсетіліп, жалпы мектеп, балабақша, шағын орталық пен арнаулы түзету мектеп интернаттарына жіберілген тәрбиеленушілер саны 143 балаға жеткен. Оның ішінде кейінгі бес жылда басқа білім беру ұйымдарына 37 бала оңалтылып жіберілген.

Мұнда 5 үйірме («Шеберлер» қол өнер үйірмесі, ән-би үйірмесі, спорттық би үйірмесі «Асхана» үйірмесі) жұмыс істейді. Балаларды қабылдау электронды форматта және ПМПК қорытындысының негізінде жүзеге асырылады.

Тәрбиеленушілер республикалық және облыстық байқауларға қатысып жүлдегер атанып жүр. Жаңа оқу жылындағы жетістік балаларға қызмет ету мекемелерімен 10 меморандумға отырған. Мәселен, облыстық дене шынықтыру және спорт  басқармасының «Мұз айдынында» ата-аналарымен бірге сырғанау, «Евразия» кешенінің бассейінінде жүзуді үйрену және шынығу, иппотерапия арқылы сауығу, балаларға оң эмоционалдық көңіл-күй сыйлайды. Кинотеатрда жаңа мултьтфильмдерді тамашалау, «Моя радость» сауықтыру орталығынан қосымша ем алу да – мұндағы балаларға жасалған жеңілдіктер.

Былтырғы оқу жылында орталықта жаңадан кабинеттер ашылып,  циркулярлы душ, емдік ванна, парафинотерапия, релакс-терапия, «Сән бөлмесі», «Kids Art Studio» кабинеттері іске қосылған.

Балалардың жігері мұқалмай, ұстаздарының қажыр-қайратының арқасында «1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесін тойлады. Ән айтып, би де биледі. Әр баланың қоғамммен етене араласқаны – тәрбиешілер үшін үлкен жетістік. Мерекені облыстық балалар оңалту орталығының педагогі, педагогика ғылымдарының кандидаты Сара Жәнібекова ұйымдастырды. Іс-шараға облыстық балалар құқықтарын қорғау уәкілі Жапырақ Ұзақбаева, ата-аналар қатысты. Уәкіл мамандармен, ата-аналармен бірқатар мәселелерді талқылады. Мерекені орталық директоры Жанар Ибраимова қорытындылап, қатысушыларға алғыс білдірді.

Айдар Сайлауов

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<